Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын алғандар көп

Шымкент қаласында соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Бүгінде үшінші мегаполистің аумағы кеңейіп, көпқабатты үйлерден көз сүрінеді. Олардың арасында тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін  мемлекет тарапынан бой көтерген пәтерлерден бөлек, коммерциялық бағыттағы жеке компаниялар тұрғызып жатқан зәулім баспаналар да жетерлік, деп хабарлайды Paryz.kz.

Қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын алғандар көп

Биыл Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік бағдарлама шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарын, көп балалы отбасыларды және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерін 324 арендалық пәтермен қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда осынау топтағы 278 азамат баспанаға қол жеткізіп отыр.

Бұдан бөлек жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға арналған 888 пәтер берілуі тиіс. 1886 пәтерді кредиттік негізде жыл басында қамту жоспарланып,  қазіргі уақытта 1329 азамат ипотекалық тұрғын үймен қамтамасыз етілген.  Оның 808 –і "5-20-25" бағдарламасымен, 461-і  "2-10-20» бағдарламасымен  «Бақытты отбасы" бойынша  және 60 пәтер "Шаңырақ" аясында пайдалануға берілген.

Айта кетейік, 2023 жылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына еніп, баспанамен қамтылуда  мемлекеттік қолдауға ие болып жатыр. Мемлекеттік жастар саясаты жөнінде қабылданған заң  бірнеше жаңа нормаларды қамтиды. Бұған дейін жастар санатына 29 жасқа дейінгі азаматтар кіретін болса, бұдан былай ол 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Осылайша жастарға арналған механизмдерді қолданатын азаматтардың саны едәуір артпақ. Сонымен қатар, тағы бір айта кетерлік жәйт, биылдан бастап жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз пәтерлер енді 3 жыл мерзімге пайдалануға берілетін болады. Өтініш берушінің өтініш бергенге дейін соңғы 3  жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркеуі болу және иелігінде тұрғын үй тіркелмеуі тиіс.

Сонымен қатар, Шымкентте жұмысшы жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру бағдарламасы аясында Шымкент қаласында  2020 жылы 904 пәтер берілсе, 2021 жылы  300 жас жалдамалы баспанамен қамтылған. 2022 жылы аталған бағдарлама бойынша  857 азамат қоныс тойын тойлаған. Биыл 888 жас арендалық баспанамен қамтылу жоспарланған. Жастар бойынша конкурсқа өтінімдер қабылдау электронды порталы арқылы жүзеге асырылып, өтінімдерді қабылдау, өңдеу, келісім-шартқа тұру жұмыстары толықтай электронды нұсқада жүргізілмек.  Шымкент қаласы бойынша әзірге жастар бағдарламасы басталмапты.

Үшінші мегаполисте 2023 жылға қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланып, ағымдағы жылдың 23 қаңтарынан бастап тұрғын үй сертификаттарын алу үшін электронды түрде құжат қабылдау жүргізілуде. Қазіргі таңда, 159 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілген. Оның ішінде: толық емес отбасылар – 15, көп балалы отбасылар – 72, ерекше бала асыраушы отбасылар-69, бюджеттік ұйым және мемлекеттік қызметшілер – 4.

Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша  тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастады. 2019 жылы 21, 2020 жылы 101 азаматқа,  2021 жылы 416  отбасыға қайтарымсыз негізде  бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттары табысталған болатын.  2022 жылы 58 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілген.

 

 

Н. Назарбекова