Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Шымкентте өндірістік аймақтардың аумағы кеңейтілмек

Үшінші мегаполисте 867 шақырымды құрайтын 5 жаңа өнеркәсіптік алаңдар құрылуда, деп хабарлайды Paryz.kz.

Шымкентте өндірістік аймақтардың аумағы кеңейтілмек

Сала мамандары нәтижесінде инвестиция көлесі 371,5 млрд теңгені құрайтын 289 жоба іске асырылатынын айтады. Орайы келгенде осы 5 жаңа өнеркәсіптік алаңның әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтейік.

Мәселен, «ЖҰЛДЫЗ» индустриялық аймағында инвестициялық құны 167 млрд теңге құрайтын, 51 жоба іске асырылып, 4762 жаңа жұмыс орыны ашылатын болады. Бұл индустриалды аймақтың алаңы бүгінде 306 гектарды құрайды. Қазір мұнда жалпы құны 51,2 млрд теңгені құрайтын 13 жоба құрылыс жұмыстарын бастады. Ағымдағы жылы оның инвестициялық құны 1,5 млрд теңге құрайтын 2 жобаны іске қосу көзделген. Нәтижесінде, 125 адам жұмысқа тартылады делінген.

Біріншісі, ішкі және сыртқы кәріз жүйелерін және үйлерге арналған жаңбыр суағарларын өндіруге арналған жоба. «Юг PLASTIC KZ» ЖШС-і жобаны жүзеге асыру мақсатында құны 1,2 млрд теңгені құрайтын инвестиция тартып, қуаттылығы – айына 600 тоннаға жететін зауытты іске қосуды қолға алуда. Мұнда 100 адам жұмыс істейтін болады.

Екіншісі, мұнай жол битумын қабылдау, сақтау және асфальт өндіретін база салуға арналған жоба. «Юг Oil Pro» ЖШС-і бұл жобаға құны  300 млн теңге болатын инвестиция тартып, 25 адамды жұмысқа алуды жоспарлаған-ды. Сала мамандары бүгінде аймақтың инженерлік-инфрақұрылымдық желілерінің құрылысы 65 пайызға аяқталғанын айтуда.

«БОЗАРЫҚ» индустриялық аймағының жалпы аумағы 132 гектарды құрайды. Аймақта құны 49,6 млрд. теңге болатын 25 жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде 1,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны ашылады деп күтілуде. Қазіргі таңда аталған индустриялды аймақта жалпы құны 23,5 млрд. теңгені құрайтын 6 жоба құжаттары дайындалып, жер телімін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұйыртса, бұл индустриалды аймақта тамақ өнеркәсібіндегі терең өңдейтін импорт алмастыратын жобалар жүзеге асырылатын болады. Бүгінде аймақтың инженерлік-инфрақұрылымдық желілерінің құрылысы 30 пайызға аяқталды.

Ал, сауда-логистикалық орталығы  136 гектарға кеңейтілді. Бүгінде аймақтың инженерлік-инфрақұрылдық желілерін жүргізу бойынша техникалық экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Сондай-ақ, жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, газбен жабдықтау және темір жол тұйығының құрылысы бойынша мемлекеттік сараптаманың қарауына жолданды. Аталған аймақта жалпы құны 24,9 млрд. теңгені құрайтын 23 жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның ішінде «Кока-Кола Алматы Боттлерс» ЖШС–інің алкогольсіз сусындар мен қойма өндірісі жобасының құрылыс жұмыстары 40 пайызға аяқталды. Бұйыртса, жоба 2024 жылдың мамыр айынан бастап іске асырылатын болады.

Сонымен қатар, «ОҢТҮСТІК» арнайы экономикалық аймағы 175 гектарға дейін кеңейтілетін болады. Онда жалпы құны 150 млрд. теңгені құрайтын 40 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. «STANDARD» жеке индустриялық аймағының жалпы аумағы – 118 гектар. Қазір аталған аймақтың 1-кезеңінде жоспарланған құрылыс жұмыстарының 60 пайызы аяқталды. Онда шағын және орта бизнес өкілдеріне жалға берілетін 25 өндірістік парк ашылатын болады.

 

Н. Назарбекова