Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Шымкентте 5 жылда 103 инвестициялық жоба іске асырылады

2023-2027 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы өңдеу өнеркәсібі салаларында құны 401,5 млрд теңгені құрайтын 103 инвестициялық жоба жүзеге асырылып,  10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарланғандығын Paryz.kz хабарлайды.

Шымкентте 5 жылда 103 инвестициялық жоба іске асырылады

Оның ішінде ағымдағы жылы жалпы құны 14,4 млрд теңгеге 14 инвестициялық жоба жүзеге асып, 605 жаңа жұмыс орнын құру көзделген болатын. Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Б.Әзімбердиев бүгінге дейін шаһарда 10,2 млрд теңгені құрайтын 3 жоба іске асқанын айтып өтті.

 Атап айтар болсақ, «Shymkent Temir» ЖШС-ның болат блюм шығаратын зауытын кеңейтуге арналған жобаның құны – 5,0 млрд. теңгені құрады. Онда бүгінде 250 адам жұмыспен қамтылған. «NURTAU distribution company» ЖШС-нің ылғалды майлықтар, антисептиктер, сұйық және қатты сабындар шығаратын зауытты іске қосуға арналған жобаның құны 4,9 млрд. теңгені құрады. Онда 40 адам жұмыс істеуде. «Unitex VOSTOK» ЖШС-нің жиһаз шығаруға арналған жобасы 350 млн теңгені құрайды. Онда бүгінде 20 адам жұмыс істеуде.

Айта кетейік, бүгінде қала аумағында 869 гектарды құрайтын 5 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Онда құны 358 млрд. теңгені құрайтын 337 жоба іске асырылады деп жоспарланған. Бүгінде 216 млрд теңгені құрайтын 273 жоба қолға алынып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Ендігі кезекте өңірдегі өндірістік аймақтарда іске асырылып жатқан жобаларға кеңірек тоқталып өтейік. Мәселен, «ОҢТҮСТІК» индустриялық аймағында құны 95,9 млрд  теңгені құрайтын 95 жоба іске асырылып, 3 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда мұнда құны 91,4 млрд. теңгені құрайтын 76 жоба қолға алынып, 2,5 мың адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, инвестициялық құны 5,8 млрд теңге құрайтын, 5 жобаны жүзеге асырып, 330 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Ал, «ТАССАЙ» индустриялық аймағында құны 50,3 млрд теңгені құрайтын 42 жобаны іске асырып, 2,6 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде жалпы құны 36,7 млрд теңгені құрайтын 24 жоба қолға алынып, 1,8 мыңнан астам адамқа орналасты. Жалпы мұнда алдағы уақытта тағы да инвестициялық құны 6,7 млрд теңгені құрайтын 6 жобаны іске асыру көзделген.

САУДА-ЛОГИСТИКАЛЫҚ аймағында 43,5 млрд теңгеге 8 жобаны іске асыру жоспарланған болатын. жоба толықтай жүзеге асқанда мұнда 660 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінгі таңда құны 24,5 млрд теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылды. 285 адам жұмысқа орналасты.

«ОҢТҮСТІК» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық қоржыны жалпы құны 166,6 млрд теңге болатын 58 жобадан тұрады. Жобалар толықтай жүзеге асқан жағдайда мұнда 5,7 мың жұмыс орны ашылатын болады. Аталған аймақта әзірге инвестициялық құны 58,4 млрд теңге болатын 35 жоба іске асырылып, 2,5 мыңнан астам адам жұмысқа қабылданды. Жалпы ағымдағы жылы инвестициялық құны 210 млн теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылып, 112 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

 

 

Н. Назарбекова