Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Шымкентте туризмді дамытуға бағытталған форум өтіп жатыр

«Shymkent tourism forum»: жергілікті туризмді дамытуға бағытталған форум өтіп жатыр, деп хабарлайды Paryz.kz.

Шымкентте туризмді дамытуға бағытталған форум өтіп жатыр
Фото: Серік Қосаев

Кейінгі жылдары ел Үкіметі туризм саласын дамытуға негізделген мақсаттарды айқындап, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу страгетиясы бойынша нақты қадамдармен жұмыс атқаруда. Ұлттық туризм секторы жоғары деңгейдегі жан-жақты дамыған инфрақұрылым арқылы аталмыш стратегияның орындалуына өз септігін тигізеді. Сондай-ақ, мемлекет жүктеген тағы бір міндеттердің бірі – елімізді Орта Азия аймағындағы туристік орталыққа айналдыру. Осы тұрғыда бүгін «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен «Shymkent Tourism Forum» атты жергілікті туризмді дамыту форумы өтті.

Аталған форумда қатысушылар мен қонақтарды трансшекаралық туризмді дамытудың заманауи тәсілдерімен таныстыру және қаладағы туристік индустрияны дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар әзірлеу бойынша спикерлердің баяндамалары тыңдалды. Шымкент қаласының әлеуеті мен тартымды жақтарын көрсету, сонымен қатар, қаланың имиджін нығайтуға, экономикалық өсуді қолдауға және ішкі туризмді дамыту процесіне қоғамның барлық индивидтерінің қатысуы үшін қолайлы атмосфераны құруға ықпал ету жолдары қарастырылып, сала мамандары тәжірибе алмасты. «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Омаровтың айтуынша, туризмді ілгерілетуде форумның маңыздылығы жоғары.

–Бүгінгі форум ел ішіндегі туристік қызметті талқылауға, жоспарлауға және жылжытуға бағытталған іс-шара болғандықтан, туризм саласында түрлі бағытта қызмет етіп жүрген мамандар спикер ретінде сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісіп жатыр. Ертең форум «Artisans of Shymkent» қолөнершілер көрмесімен жалғасады. Онда түрлі аймақтардың, ұлттар мен мәдениеттердің қолөнершілерінің басын қосып, өзара тәжірибе алмасуға, бұйымдарын көрсетуге, жаңа дағдыларды меңгеруге және қолөнер қауымдастығы арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік зор. Мұндай іс-шаралар мәдени дәстүрлерді сақтап, қолөнер шеберлігін дамытуға және қолөнершілердің жаңа буындарын шабыттандыруға ықпал етеді. Форумда көрмемен қатар, панельдік сессияда сала мамандары өзінің іс-тәжірибесімен бөліспек. Сондай-ақ, кәсіпкерлер палатасы маманы қолөнершілерге өз кәсібін жүргізудің тиімді жолдары бойынша маңызды ақпараттар береді, – деді Ерлан Омаров.

Іс-шара қорытындысы бойынша, қатысушыларға форум аясында ұйымдастырылған байқау жеңімпаздары мен қатысушыларына сертификат пен алғыс хаттар табысталды.

Айта кетейік, статистикаға сүйенсек биыл сыртқы және ішкі туризм әлеуеті артқан. Көпшіліктің қызығушылығына ие болған шымшаһардың туристік имиджін қалыптастыру үшін бүгінде гастрономиялық бағытты қарқынды ілгерілету, қаланың танымалдылығын және қала туралы ақпараттар ағынын көбейту шаралары қолға алынған.