Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Өзбек драма театрының 20 жылдық мерейтойы атап өтілді

Ағымдағы жылдың 23 қарашасында Шымкент қалалық өзбек драма театры 20 жылдық мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды Paryz.kz.

Өзбек драма театрының 20 жылдық мерейтойы атап өтілді
Фото: «Шымкент келбеті»

Айтулы іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы келіп, өнер ұжымын қуанышымен құттықтады.

–Жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деген сөзі – айнымас ақиқат. Театр жайында мұнан асырып айтудың өзі қиын. Театр бар жерде ұлт рухани тұрғыда кемелденіп, оның рухы асқақтайды, дәстүр сабақтастығы сақталады. Сол себепті Шымкент қалалық өзбек драма театрының шығармашылық ұжымы 20 жыл бойына халқымыздың рухани мәдениетін өрге сүйреу жолында талмай еңбек етіп келе жатыр деп сеніммен айта аламыз. Шымкенттің мәдени өмірінде ерекше орын алатын, өзіне тән тарихы қалыптасып келе жатқан осы театрдың бүгінгі мерейтойының мәні өте зор. Сіздерге Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің құттықтауын жеткізгім келеді. Әрқашан еңбектеріңіз жемісті болып, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөлене беріңіздер, – деді Сәрсен Абайұлы.

Мерейтой барысында Шымкент қалалық өзбек драма театрының әртістері өзбек халық әндерінен құралған «Хуш келибсиз!» атты музыкалық композицияны көрермен назарына ұсынды.

Айта кетейік, театрдың мерейтойымен құттықтауға Шымкент қаласынан ғана емес, еліміздің әртүрлі қалалары мен өңірлерінен қоғам қайраткерлері, мәдениет майталмандары арнайы келді. Солардың қатарында "Қазақстан театр қайраткерлері" одағының төрағасы, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов та бар.

– Өзбек халқы – мінезі жұмсақ, жүрегі кең, өнерге жаны жақын, мәдениеті бай халық. Тарихқа қарасақ, қазақ пен өзбек әуелден бір халық болған. Қазір де тіліміз, салт-дәстүріміз ұқсас, мәдениетіміз бен тарихымыз тамырлас, ұлттық болмысымыз бен дүниетанымымыз бірдей халықтармыз. Туысқан қос халықтың ортасындағы рухани-мәдени байланысты сақтап, алтын көпір болып отырған өзбек драма театрының 20 жылдық мерейтойы екі халық үшін де үлкен қуаныш. Сахна – киелі орын. Бұл жерде Сіздер жақсы көретін актерлар мен актрисалар жанын жалаңаштап, халықтың мұңын, шерін, арман-мақсатын айтып, алдарыңызда өнер көрсетеді. Сахнаға қаншама өнерпаздың маңдай тері тамады. Сондықтан ол киелі орын. Олай болса,

Шымкент қалалық өзбек драма театрының бүгінгі мерекесі де халқымыз үшін сондай мәнді әрі мағыналы мереке деп айта аламыз, – деді халық әртісі.

Мұнан кейін Шымкент қаласындағы Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы әріптестерін сахналандырылған қойылым арқылы құттықтады.

Сонымен қатар мерекелік іс-шара барысында көршілес Өзбекстан Республикасынан арнайы келген құрметті қонақтар – Өзбекстан Мемлекеттік драма театрының режиссері Олимжон Солимов пен Өзбек ұлттық академиялық драма театрының өнерпазы, Өзбекстанға еңбек сіңірген әртіс Саида Раметов да театр ұжымын мерейтойымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

Айта кетейік, айтулы мерекеде өзбек драма театрының бірқатар өнерпаздары әртүрлі марапаттарға ие болды.