Прямая трансляция

Астана

Астана

-2.03°C

Шымкентте спорт мектептеріндегі мәселелер шешімін таппақ

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік спорт мектептерін аралады, деп хабарлайды Paryz.kz.

Шымкентте спорт мектептеріндегі мәселелер шешімін таппақ

Соның бірі – № 15 жекпе-жек түрлерінен кешенді олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, онда олимпиадалық спорт түрлері бойынша еркін күрес, әйелдер күресі, құзға өрмелеу, грек-рим, дзюдо, таеквондо, каратэ, қабырғаға оқ атудан 531, ал олимпиадалық емес кикбоксинг, самбо спорт түрлерінен 202 спортшы шұғылдануда. Топ саны – 88, 71 жаттықтырушы бар. Биыл дүбірлі додаларда 21 алтынға қол жеткізген.

Аталған спорт мектебінің жай-күйін бақылаған қала басшысы жаңа ғимарат салуға және қасында орналасқан футбол алаңын мемлекет меншігіне алып, спорт мектебінің игілігіне айналдыруға тапсырма берді.

Қаладағы «№ 16 гимнастикадан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» жер көлемі 0,4241 гектарды құрайды. 505 спортшы шұғылдануда. Едендік жаттығуларға арналған гимнастикалық платформа, 4 батут, 2 акробатикалық жолақ, қонуға арналған көбік шұңқыры, әйелдер мен ерлер штангалары, сақиналары бар жақтау, атта тербелу жабдықтары, гимнастикалық бөренелер, спортшылардың жаттығу үдерісіне арналған тіреп секіру үстел спорт жабдықтары бар. Жабдықтар залдың көп бөлігін алатындықтан, қосымша зал қажеттілігі туындаған. Қала әкімі мәселенің шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді.

 «Ләззат Тәжиева атындағы № 4 олимпиадалық резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде» шахмат, дойбы, қазақ күресі, белбеу күресі, баскетбол, гандбол, жүзу, триатлон, байдарка және каноэ спорт түрлерінен саңлақтарды дайындайды. 1 493 спортшы, 92 жаттықтырушы бар. Айта кетсек, биыл аталған мектептің спортшылары ескек есуден байрақты бәсекелерде топ жарды. Азия ойындарында 1 алтын, 3 күміс, 1 қола, Әлем чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, ал Әлем кубогында 1 алтын медалды ел қоржынына салды.

Қала басшысы спорт мектебінің жағдайын бақылаған қала басшысы жауаптыларға жүзу бассейнін заманауи үлгіде қалпына келтіруді жүктеді.