Шымкент қаласында аумағы 45 гектар саябақ салынуда

Бүгінде саябақтың құрылыс жұмыстары 80 пайызы аяқталған. Өндірістік кестеге сәйкес нысан келесі жылы пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Paryz.kz.

Шымкент қаласында аумағы 45 гектар саябақ салынуда

Шымкент – жасыл қала. Шаһарды көгалдандыру жұмыстары күн тәртібінен түскен емес. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаладағы экологиялық жағдайды жақсартатын бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Негізгі басымдық көгалдандыруға берілген. Атап айтқанда, Шымкент Сити аумағында 45 гектардан тұратын саябақ салу көзделген.

Қала басшысы Ғабит Сыздықбеков бұл шағын ауданындағы саябақтың құрылыс жұмысымен танысты. Қаланы жасыл желекке бөлеу мақсатында салынып жатқан саябақтың құрылысымен танысқан қала басшысы жауаптыларға халық тынығатын нағыз жайлы орта қалыптастыру керектігін жеткізді.

Аталған шағын ауданда 3 аумақта саябақ салу жоспарланған. Бірінші аумақ 18 гектар, екінші 20,4 гектар, үшінші 6,9 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта 18 гектар аумақтағы демалыс аймағында инженерлік инфрақұрылымдық жүйелері толық аяқталған. Ал 20,4 гектар аумақтағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Саябақты көгалдандыру алаңы – 128 036 шаршы метр. Мұнда 40 балалар ойын алаңшасы мен 19 спорттық алаңы орналасады. Сондай-ақ 2,8 шақырымдық веложол, жүгіру жолақтары және жасанды көл салынып, 5 мыңнан аса ағаш көшеті мен 7 мыңнан аса гүл егу жоспарланған.

Бүгінде саябақтың құрылыс жұмыстары 80 пайыз аяқталды. Өндірістік кестеге сәйкес нысан келесі жылы пайдалануға беріледі.