Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Ақтөбеде шенеуніктерден тұратын қылмыстық топ мұнай ұрлаған

Сотпен кінәлі деп танылған мемлекеттік қызметкерлердің үшеуі жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары абақтыда өтесе, қалған екеуі қауіпсіздігі орташа түзету мекемесіне жіберілді.

Ақтөбеде шенеуніктерден тұратын қылмыстық топ мұнай ұрлаған
фото: ашық дереккөз

Ақтөбеде Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері мен полицейлерден тұратын қылмыстық топ ірі көлемде мұнай сатумен айналысқан, деп хабарлады paryz.kz, arasha.kz-ке сілтеме жасап.  

"Қара алтын" ұрлап, оны заңсыз шекарадан өткізіп, жалған құжаттар жасаған мемқызметкерлер әккі ұрылардай әрекетке барған. Олар кедергілерді пара беру арқылы жойған. Енді 5 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топқа үкім шықты.   

Ақтөбе облысы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мемлекетттік қызметкерлердің ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны дәлелденді. Сотта кінәлі деп танылған қылмыстық топтың белді мүшелері 7 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Атап айтсақ, сот үкімімен Сағандықов Қ.И. 13 жылға, Чучаев Г.М. 7 жылға, Жарылғасов А.Б. 11 жылға бас бостандығынан айырылып және оларға болашақта мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Ал Сарсенбаев К.А. мен Шаркатов А.К сот үкімімен 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Соңғы екеу 10 жылға дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.  

Сотпен кінәлі деп танылған мемлекеттік қызметкерлердің үшеуі жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары абақтыда өтесе, қалған екеуі қауіпсіздігі орташа түзету мекемесіне жіберілді.

Іс материалдарында хабарланғандай, Сағандықовтың Ақтөбе облысының аумағында АИ-92 бензинін алу және оны жалған құжаттар негізінде Ресей шекарасына өткізу мақсатында Чучаевтың, сондай-ақ Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкері Жарылғасовтың қатысуымен ұйымдасқан қылмыстық топ құрғанын анықтады. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сәрсенбаев пен Шарқатов та көлеңкелі бизнесте өз қызметтерін пайдаланған. Қылмыстық оқиға 2019 жылдың маусым-қазан айлары аралығында болды.

Сотта айыпталушылар Сағандықов, Чучаев, Жарылғасов өз кінәсін мойындады, ал Сәрсенбаев пен Шаркатов мойындамады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.