Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

«Өте момын»: Шәуілдірде балабақша күзетшісі зорлаған балалар саны көп болуы мүмкін

Түркістан облысында сұмдық жағдай болған. Шәуілдір ауылындағы балабақша күзетшісі 2 және 4-сыныпта оқитын қыздарды зорлап келген деген күдіке ілінді, деп хабарлайды Paryz.kz агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

«Өте момын»: Шәуілдірде балабақша күзетшісі зорлаған балалар саны көп болуы мүмкін
Фото: unicef.org

Қамауға алынған 33 жастағы тұрғын азғындық жасағанын мойындап отыр. Облыстық полиция департаменті зорланған қыз саны үшеу екенін айтады. Ал ауыл жұрты педофилдің отбасы көшіп кетуін талап етіп жатыр.

Шәуілдір жұрты үш күннен бері есеңгіреп жүр. Ауылдың 33 жастағы тұрғыны педофил деген күдікпен қамауға алынған. 2 және 4-сыныпта оқитын көрші қыздарды үйіне ойнауға шақыратын азғын олармен білгенін істеп келіпті. Оны қыздардың бірі анасына айтып, артынша өзге балақайлар растаған соң, ол дереу ұсталыпты.

«Киімін шешкен, іш киімдерін шешкен. Сипалаған. Сондай жағдайлар болған. Маман ретінде, жыныстық байланыс дейді, сондай ниеті болған дейміз, ол көзге көрініп тұр. «Мамаңа айтсаң, таяқ жейсің, папаңа айтсаң, үйтемін-бүйтемін» деп қорқытқан. Содан кейін ақша берген. Мың теңгеден берген», - дейді акушер-гинеколог Гүлнұр Сайдубекова.

Бір мәрте үйленіп ажырасқан күдіктінің ұлы бар екен. Анасы, ағасы мен жеңгесімен бір аулада тұратын ол, бөлек кішкентай кепеде тұрыпты. Көрші қыздар үйіне ойнауға жиі келетінін туыстары да мойындап отыр. Бірақ мұндай азғындыққа барғанына ешкім сенбейді. Соңғы үш жыл балабақшада күзетші болып жұмыс істеген жігіттің айуандыққа барғанына ұжымдастары да сене алмай отыр.

«Момын, өте момын. Қарапайым, айтқаныңды уақтылы орындайтын қызметкер. Жаман мінездеме бере алмаймыз. Ұжым сенбейді, әлі де сенбейді. Сенбейміз. Өйткені, айтып тұрмын ғой, көз алдымызда жүрген бала. Бірге қызмет істеген соң, артық қылығы болса, байқалар еді деп ойлаймыз», - деді балабақша меңгерушісі Жұлдыз Қинатова.

Қазір азғынның есік алдында тәртіп сақшыларынан күзет қойылған. Үш күннен бері мәслихат құрып жатқан ауылдастары күдіктінің отбасына ауылдан кету туралы шарт қойыпты. Қашан кететіні ертең шешіледі деп отыр.

«Бір құмалақ үшін 4-5 әулет адамгершілік қып, мына жерден көшіп кетейін деп жатыр», - дейді тұрғындар.

Күдікті қазір Отырар ауданы полиция басқармасының абақтысында тергеліп жатыр. Үш қызға азғындық жасағанын мойындапты. Резонанс іс болған соң, тергеуді облыс департаментінен келген арнайы тергеушілер жүргізіп жатыр.

«Түркістан облысы ПД бастығының тапсырмасымен әйел тергеушілерден тұратын тергеу тобы құрылып, қажетті ісшаралар жүргізілуде. Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, бірқатар тиісті сараптама тағайындалды», - деді Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков.

Қазір зорлық көрген қыздар және олардың ата-аналарымен психологтар тобы жұмыс істеп жатыр. Жәбір көрген жеткіншектерге қосымша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жәбір көргендер саны бұдан да көп болуы мүмкін. Оны полиция анықтап жатыр.