Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

«Зорланған қызымды психикалық ауруханаға жіберді»: қарағандылық ата-ана прокурордың шешіміне шүйлікті

Теміртауда зорланған 15 жастағы оқушының  ата-анасы прокурордың қызды Қарағандыдағы психикалық денсаулық орталығына жатқызу туралы шешіміне наразы. Бүгінде оқиғаға қатысы бар 50 жастағы күдікті ұсталған, деп хабарлайды Аzattyq Ruhy patriotkaragandy Instagram парақшасына сілтеме жасап.

«Зорланған қызымды психикалық ауруханаға жіберді»: қарағандылық ата-ана прокурордың шешіміне шүйлікті
фото: әлеуметтік желіден

Жәбірленушінің анасы тергеудің үшінші айы біткеніне қарамастан, прокуратура қылмыстық істі сотқа жібермей жатқанын айтады. Сондай-ақ құзырлы орган жасөспірімнің психикалық денсаулығын анықтау үшін арнайы орталыққа орналастыру туралы шешім шығарған.

«Менің жәбір көрген қызымды қандай да бір себептермен прокурорлар мен сарапшылар психиатриялық ауруханаға жатқызып, оның психикалық жағдайын бағалауда. Не үшін? Зорлық болғанының дәлелі ретінде қызымның да, күдікті ер адамның да биоматериалы ұсынылды. Сондай-ақ Теміртау прокуроры қызымнан зорлаушының жыныс мүшесін егжей-тегжейлі сипаттауды сұрап, өте ұятсыз сұрақтар қойды», - дейді Ольга Александровна.

Оқиға осы жылдың 1 тамызға қараған түні Теміртауда болған. Мектеп оқушысы кафеде даяшы болып істейтін құрбысына қонаққа барған. Мекемеде 50 жастағы ер адам да болған. Ол даяшының анасына құда түсіп жүрген, сондықтан даяшы мен мектеп оқушысы оны танитын. Кафеде демалып болған соң, ол мектеп оқушысынан сусынның ақшасын беріп жіберу үшін онымен бірге үйіне баруын сұраған. Аңғал қыз ер адаммен бірге еріп барады. Ал пәтерде ол оған шабуыл жасап, еркінен тыс жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген.

Кейін ол қызды босатып жіберген. Мектеп оқушысы полицияға хабарласқан. Күдікті бірнеше сағаттан кейін Теміртаудан Пришахтинскіге бара жатқан жолда ұсталды.

«Барлық дәлелдер бар. Ол оның жастығын білмегенін айтады. Прокурорлардың қылмыстық істі сотқа жібермей жатқанына наразымын. Ал қызымды стационарлық психикалық орталыққа жатқызуға мәжбүрледі. Әйтпесе күдіктіні бостандыққа жіберіп, істің жабылатынын айтып қорқытты. Бұл қаншалықты заңды? Олар психиатрия бойынша қандай да бір диагноз іздеп жүргендей көрінеді. Ол жәбірленуші, бірақ прокуратураның талабымен психиатриялық ауруханада жатуға мәжбүр», - дейді анасы.

Ал Теміртау прокуратурасының процессуалдық прокурорының сөзінше, бұл жерде ешқандай заң бұзушылық жоқ.

«Тергеудің толықтығы үшін жәбірленушінің «Психикалық денсаулық орталығы» ММ стационарлық тексеруден өтуі маңызды. Біз жәбірленушіден ешқандай диагноз іздемейміз. Бірақ біз оның психикалық жағдайының қандай екенін білуіміз керек. Бұл тәжірибе кейде зорлау істерінде жәбірленушілерге қарсы қолданылады. Бұл жағдайда мамандар оны ауруханаға жатқызып, бақылауға алу туралы ұсыныс жасады.

Ол орталықта мамандардың бақылауында. «Психикалық денсаулық орталығы» мамандарының қорытындысынсыз істі сотқа бере алмаймыз. Сот барлық дәлелді бағалайды», — деп түсіндірді прокурор Назгүл Қошанова.

Жәбірленуші аталған орталықта оған дұрыс қарамағанын айтады. Мектеп оқушысының айтуынша, орталық қызметкерлері науқастармен сөйлескенде дөрекілік танытып, әдепсіз сөздер айтады екен.

«Бұл факті бойынша 120-баптың 3-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіге қатысты «қамау» бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жүргізілуде», - дейді полиция департаментінің баспасөз қызметі.