Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Петропавлда көпбалалы отбасы далада қалды

Биліктен жақын арада қайыр болмайтын көрінеді. Сондықтан үйсіз-күйсіз қалған отбасы әзірге азынап тұрған күркені паналауға мәжбүр.

Петропавлда көпбалалы отбасы далада қалды
фото: ашық дереккөз

Петропавлда жалдамалы үйі өртеніп кеткен отбасы 5 баламен бірге далада қалды. Дүйсембиндер әулеті осы күнде жазғы шай ішетін үйшікте күнелтіп отыр. Қысқа арналмаған ол пана болатын емес, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Отағасы күні-түні пеш жаққанның өзінде үйдің іші "қорадай" суық көрінеді. Әкімдік болса, бұл іске араласатын емес. Балаларына жарқын болашақ беру үшін Дүйсембиндер әулеті Мамлют ауданынан Петропавлға 2017 жылы қоныс аударған. Бірден жер үйді жалдап, өз баспаналарына қаражат жинай бастапты. Алайда, араға 3 жыл салып, бүкіл армандары су сепкендей басылды. Себебі, жиып-терген барлық қаржысы жалдап тұрған үймен бірге өртеніп кеткен.

"Өрт көршінің үйінен шықты. Біз тек балаларды шығарып үлгердік. Далада қалдық сол кезде. Түк қалған жоқ. Сіңілімнің де, балаларымның да құжаттары, бүкіл ақшамыз күйіп кетті", - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Гүлдана Дүйсембина.

Дүйсембиндердің мәселесі әлеуметтік желіде жария етілді. Артынша бұқара аз да болса қол ұшын созып, отбасын киім-кешек, азық-түлік және отынмен қамтыған. Қазір тек баспана мәселесі ғана өткір тұр.

"Қызым ауырды осында келгесін. Жөтеліп, мектепке бармай жүрді. Өзіміз де кішкене нетіп қалдық. Өйткені салқын, аяқтан сыз өтеді. Үйдің сәкісі суық, бәлен палас төсеп қойдық. Көмекті әкімдіктен ғана тосып отырмын. Тұратын жер берсе болды. Одан басқа ештеңе сұрамаймын", - дейді тұрғын.

Әйел жергілікті биліктен көмек сұрап, желтоқсанның 24-і күні қала әкімінің атына хат жазған. Алайда, шенеуніктер бір айдан бері үнсіз отыр. Ал тілшілерге "әкімдіктің меншігінде бос пәтер жоқ" деп жауап қатты.

"Қазір қала бойынша уақытша баспана жоқ. Егер де босап жатқан жағдайда, комиссияның шешімімен бұл кісіге пәтер беру қажет деп шешілсе, онда пәтер берілетін болады. Ол кісі 2019 жылдың сәуір айынан бастап пәтер кезегінде тұр. Тек кезек бойынша ала алады. Қазір оның кезегі - 112-ші", - дейді Петропавл қаласы әкімдігі ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.  

Сөйтіп, биліктен жақын арада қайыр болмайтын көрінеді. Сондықтан үйсіз-күйсіз қалған отбасы әзірге азынап тұрған күркені паналауға мәжбүр.