Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

«Дөкейдің балалары»: 6,6 жылға сотталған актердің ағасы караоке-бардағы оқиға туралы айтты

Кешеден бері әлеуметтік желіде 6,6 жылға сотталған актердің тағдыры қызу талқыға түсіп жатыр. Соңғы 10 ай бойы үйқамақта отырған Асқар Жұмабек президенттен көмек сұрап, жеке парақшасына видео жариялаған еді. Ал кейін істі болған өнерпаз жігіттің туған ағасы Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген.

«Дөкейдің балалары»: 6,6 жылға сотталған актердің ағасы караоке-бардағы оқиға туралы айтты
фото: t.me/s/qaz365kz1

Қоғамда дүр сілкінткен атышулы оқиға 2022 жылдың 28 желтоқсанында түнгі сағат 2 шамасында Алматыдағы Әл-Фараби даңғылының бойында орналасқан караоке-барда болған.

Негізі менің інім – ол караоке-бардың тұрақты клиенті, қонақ ретінде жиі барып тұратын. Сол күні барған кезде әлгі жағдай болып қалған. Інімнің досы сол караокеде диджей болып жұмыс істейді. Сол сәтте жаңағы дөкейлердің балалары өздерінің оққағарларымен бірге басқа үстелде отырған. Содан сол дөкейдің балалары келіп, «Бізге музыканы ауыстырып беріңдер» деп диджейге тиісе бастаған. Диджей жағдайды түсіндіріп, «Күте тұрыңыз, кезегіңіз келеді» деген. Соған қарамастан олар диджейді ұрып-соға бастаған. 4-5 бала бір адамға жабылып, желкесінен ұстап далаға алып келе жатқан видеода да көрініп тұр. Сол сәтте менің інім дос баласы екеуі сыртта тұрған. Диджей досын біреулер ұрып жатқанын көріп қалып, көмекке барып, ажыратпақшы болған, – дейді Ербол Жұмабек.

Дәл осы жанжалдың соңы төбелеске ұласқан. Досына көмекке келген актер жігітті де екінші тарап соққыға жығыпты.

Інім таяқ жеп қалды ғой. Еркек болғаннан кейін мінез, намыс бар. Сонымен Асқар да оларға бір-екі шапалағын берген. Ол енді арнайы төбелесуге барған жоқ. Тек қана ажыратпақшы болған. Сондай жағдай болып отыр. Ол негізі әркімнің, әр еркектің басынан өтетін жағдай, – дейді актердің ағасы.

Айта кетсек, 12 қазанда Бостандық ауданының №2 сотында келушілерді ұрып-соққан караоке-бар қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қаралып, сот үкімі шыққан болатын.

Сот үкімі шықты, жағдай өте нашар. 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды ғой. Сол төбелеске қатысқан күзетші балалар бар, диджей бала бар, барлығына бірдей мерзім берді. Отбасымызбен бәріміз қобалжып отырмыз. Қолдан келгенше көмектестік, бәрін істедік. Адвокатымыз бар. Ол кісілер де шамасы жеткенше, қолдан келгенше көмектесіп жатыр. Ендігі қадам – ел президентінен көмек сұрау, 15 күнде аппеляциялық шағым беру. Қайтадан заңды түрде қараса екен деп отырмыз. Енді басқа ешқандай мүмкіндік болмай тұр, – деді Ербол Жұмабек.

Ағасының айтуынша, сот үкімі кезінде жаза арқалаған жігіттердің әрқайсысының жәбірленуші тарапқа 1 және 1,5 миллион теңгеден төлеуі міндеттелген екен.

Соттың үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.