Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Атырауда италиялық компания екі айлықты бермей, жұмысшыларды қуып жіберген

"Ескертпей шығарады, болды. Өздері біледі, "сен боссың" дейді. Сен жүре бересің", - дейді жұмысшы.

Атырауда италиялық компания екі айлықты бермей, жұмысшыларды қуып жіберген
фото: видеодан скриншот

Атыраудағы Қарабатан кентінде газ-химия зауытын салып жатқан жұмысшылар шу шығарды. Оларды италиялық компания әбден қара жұмысқа салып, соңында көк тиын бермей қуып жіберіпті. Соның салдарынан 90-ға тарта азамат екі айдың жалақысын алмаған, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Қарабатанға зауыт саламыз деп барған 90-ға жуық жұмысшы қара нанға ақша таппай қайта оралған. Жұрттың сөзінше, италиялық фирма еңбек еткендермен есеп айырысуды ұмытыпты. Қараша мен желтоқсан айының жалақасын даулаған бұқара бүгін серіктестіктің өңірдегі кеңсесінің алдына жиналды.

"Жолдасым да осы компанияда жұмыс істейді. Екеуіміз де осы ақшаға қарап отырмыз. Шыны керек, нанға ақша болмай жатыр. Бәрі сондай жағдайда. Светаның қырық өтірігіне тойып болдық", - дейді жұмысшы Жанар Айқынқұлова.

Шулаған топ ақша беріле ме деген үмітпен жүр. Бүгін-ертең еңбекақы үлестірілмесе, онда жұрттың жағдайы тіптен қиындайды. Себебі көбі пәтерақысы мен несиесін де жаба алмай қиналуда. Ал мердігердің жұмысшылар алдындағы берешегі - 20 миллион. Бірақ соның әзірге бір тиыны да бұйырмай тұр.

"Кеңсеге күнде келеміз. Күнде таңда, кеште келе береміз осылай. Айтатын сылтауы: «Бізде ақша жоқ, әлі түспей жатыр, Италиядан ақша лақтырып жатыр, банкке түспей жатыр, жаңартып жатырмыз». Күнде айтатыны осы", - дейді жұмысшы Әділет Жолдығұлов.

Шағымданушылар жалақыдан бөлек, зейнетақы қорына да көк тиын түспеген дейді. Ал өздері тапсырылған жұмыстың 90 пайызын орындап берген. Ал есептесу кезінде ешкімнің бас-көзіне қарамай қуып шыққан.

"Ескертпей шығарады, болды. Өздері біледі, "сен боссың" дейді. Сен жүре бересің", - дейді жұмысшы Әлимұрат Салихов.

Зауыт салып жатқан компанияның бас кеңсесі Италияда орналасқан. Ал Атырауда өкілдері бар. Мұндағы жауаптылар "құрылтайшы ақша бөлмей жатыр" деп ақталды.

"Итальядағы фирма құрылтайшысы жағдаймен жақсы таныс. Ол кісі уәдесінде тұрмады. Бізге осы айдың 10-ында ақша аударамыз деген. Біз жұмысшылардан күте тұруын өтіндік. Медиациялық келісім жасадық. Алайда компания аудит деп тағы кейін шегеріп отыр", - дейді "Gruppo RF KAZAKHSTAN" компаниясы менеджерінің орынбасары Светлана Мұратова.

Мердігердің мәселесін енді Еңбек инспекциясы майшаммен қарағалы жатыр. Бұған дейін кәсіпкерлерді тексеруге мораторий кедергі деп келген мекеме дау өршігенде ғана білек сыбана іске кірісті.