Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

«Шеше мен ана бір ұғым»: бас мүфти желіде қызу талқыға түскен дінтанушының сөзіне қатысты пікірін айтты

Әлеуметтік желіде дінтанушы Қабылбек Әліпбайұлының "баласын тастап кеткен әйелді "шеше" деп атайды" деп айтқан сөзі қызу талқыға түсті.

«Шеше мен ана бір ұғым»: бас мүфти желіде қызу талқыға түскен дінтанушының сөзіне қатысты пікірін айтты
фото: nur.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы бұл ҚМДБ пікірі емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz nur.kz сайтына сілтеме жасап. 

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбеге жұмыс сапарымен келіп, ғылыми конференцияға қатысты.

"Қазақ руханиятындағы дәстүрлі исламның орны” атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияға дін қызметкерлерінен бөлек профессорлар шақырылған.

Бас мүфти шара аясында тілшілер сұрағына жауап берді. Онда Қабылбек ұстаз атымен танылған имамның "шеше" сөзіне берген анықтамасына қатысты да сұрақ қойылды.

Бас мүфти тілшілердің сұрағын жауапсыз қалдырмады.

"Бұл азаматтың айтқан сөзі, жеке өзінің ойы болар. Бірақ біз шеше мен ананы қадір тұтқан, қасиет тұтқан жандармыз. Оны кеңінен насихаттап келе жатырмыз. Бір адамның пікірі ол мүфтияттың пікірі емес. Осыны айқын біліп алуымыз керек. ҚМДБ әкеге қатысты, анаға қатысты көптеген уағыз айтып жүр. Қазақтың кез келген құндылығы біз үшін қасиет саналады. Шеше де, ана да бір ұғым. Шеше де, ана да адамды дүниеге әкелген ең ардақтысы. Біз оны әрқашан құрметтейміз", - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфтидің сөзінше, Қабылбек Әліпбайұлы республикалық ақпараттық насихаттық топтың мүшесі.

"Біз жақында ғана республикалық ақпараттық топ және жергілікті ақпараттық насихаттық топтың тұжырымдамалық құжатын әзірлеп, олардың қолдарына бердік. Уағыз барысында, халыққа дәріс өткізу барысында неге көңіл бөлнуі керек? Құжатта жазылған. Қабылбек ұстаз қазіргі таңда РАНТ мүшесі болып есептеледі. Бірақ қазір сапарда жүр. Ол азаматқа қатысты шешімдер қабылданады", - деді бас мүфти.

Айта кетейік, Youtube желісінде жарияланған Қабылбек Әліпбайұлының видеоуағызы елдің қызу талқысына түсті.

"Ана бар, шеше бар. Ана деген кім десе, ана бүкіл болмысын, ғылымын, көрген-түйгенін балаларына арнайды. Балаларын шығаруға жұмсайды, соларды ана деп атайды. Шеше деген балаларын тастап кеткен әйел кісі. Қарамаған, бала қалай болса солай өскен. Анаңның пәленшесі деген боғауыз сөз жоқ, шешеңнің пәленшесі деген боғауыз сөз бар. Шеше деген не десе, балаға еңбегі сіңбеген адам екен", - дейді имам уағызда.

Желі қолданушылары имамның бұл пікірімен келіспеушілігін жеткізді.

"Шеше деген қастерлі сөз, шешем деп жырлаған ақындарымыз", "Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер деген қазақ мақалы бар", "Мұндайды тоқтату керек" деп жазды видео астындағы пікірде желі қолданушылары.