Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Балтабек Нұрғалиев Тоқаевқа елбасына қатысты тағы бір ұсыныс айтты (ВИДЕО)

"Мен Астананы Ұлы көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен атауды ұсынған жалғыз ақынмын! Астанаға "Нұр-Сұлтан" деген атау беріп, менің ұсынысымды қабылдап, қолдап және идеямды шындыққа айналдырғаныңыз үшін сізге шын көңілден алғысымды білдіремін..." - дейді ол.

Балтабек Нұрғалиев Тоқаевқа елбасына қатысты тағы бір ұсыныс айтты (ВИДЕО)
фото: коллаж

Назарбаевқа жалынды жырларын арнап, өзін "қазақтың ұлы ақыны" санап жүрген Балтабек Нұрғалиев Тоқаевқа жаңа ұсынысын жеткізді. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды, деп хабарлады paryz.kz

"Сәлеметсіз бе, құрметті Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Мен Астананы Ұлы көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен атауды ұсынған жалғыз ақынмын! Астанаға "Нұр-Сұлтан" деген атау беріп, менің ұсынысымды қабылдап, қолдап және идеямды шындыққа айналдырғаныңыз үшін сізге шын көңілден алғысымды білдіремін! Ендігі кезекте елордадағы айбынды Ақорданың алдына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құрметіне ескерткіш орнатуды ұсынамын! Сіз астананың атын өзгерткеннен кейін мен "Елорда – Нұр-Сұлтан" әнін жаздым! Мен өзімнің авторлық әнім "Елорда – Нұр-Сұлтан" әнін елорданың әнұранына айналдыруды ұсынамын", - деді Балтабек Нұрғалиев. 

Сондай-ақ ол әдеттегідей елбасын мақтай жөнелді.

"Ақылдың, еріктің, сенімділіктің күшімен шебер дипломатия арқылы және халықтың көпшілігінің қолдауымен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елде сәтті реформалар жүргізе алды.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көшбасшы-саясаткер ретінде саясаттану ғылымында өзіндік бейнесі бар тұлға. Сондықтан, мен, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына "Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атындағы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы!" деген жаңа атау беруді ұсынамын.

Сонымен қатар, мен сізге бүкіл адамзаттың бейбітшілігі мен келісімін нығайтуға қосқан орасан зор үлесі үшін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атындағы Бейбітшілік сыйлығын тағайындауды ұсынамын! Әлемде Нобель сыйлығы бар, менің ойымша, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атындағы Бейбітшілік сыйлығы болуы керек! Ізгі ниетпен, Балтабек Нұрғалиев!" деп жазды ол.

Ал бұл атышулы Балтабек ақынның жазбасына пікір жазғандар оны әдеттегідей "жерден алып, жерге салып" жатыр. "Қақылдап коймайды екенсің!", "Мынаған бірдеңе беріңдер енді! Обал болды, жаны шығып жүр!", "Сайлау бітіп қалды..." деп жазуда олар.