Қызылордада облыстық азаматтық форум өтті

Қазақстанның XI Азаматтық форумы қарсаңында Қызылорда қаласында «Азаматтық қоғам және мәдениет: Қазақстанның жаңаруы бағытындағы құндылықтар мен басым бағыттар» атты өңірлік форум өтті, деп хабарлайды Paryz.kz.

Қызылордада облыстық азаматтық форум өтті
Суреттер: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Форумға Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі, облыстық мәслихат депутаттары, басқа өңірлердегі, өз аймағымыздағы азаматтық қоғам ұйымдарының жетекшілері, зиялы қауым, жастар, мәдениет саласының мамандары мен арнайы Қазақстанның Азаматтық альянсы президенті Бану Нұрғазиева қатысты.

Іс-шарада сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі ауқымды жобалар туралы баяндап, ҮЕҰ-нің аймақтың қоғамдық өміріндегі маңызды рөлін атап өтті.

«Тәуелсіз еліміздің тарихында демократиялық құндылықтар мен азаматтық бастамаларды дамытуда, реформаларды жүзеге асыруда, мемлекеттік органдармен байланыс орнатып ел мүддесі жолында қызмет етуде Азаматтық альянстың алар орны ерекше. Аймағымыздың Азаматтық альянсын басқарған Дариха Ақмағамбетқызы, Әлима Жақыпқызы үкіметтік емес ұйымдарды біріктіре отырып, өңірімізде азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосты. Азаматтық қоғам мен атқарушы билік арасында байланыс орнатып, жарқын істердің үлгісін көрсетті. Бүгінде қауымдастық төрағасы Анар Жарылқасынқызы аға буын салған ізгі жолды жалғастыруда. Альянстың бастамасымен жыл басынан бері 372 үкіметтік емес ұйымға кеңес беріліп, 37 ауқымды шара өткізілді. 

Ауылдық үкіметтік емес ұйымдардың форумы өткізіліп, қажеттіліктер картасы жасақталды. 2020 жылдан бері ҮЕҰ басшыларының әлеуетін арттыруға арналған Жазғы құқықтық мектеп жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді», - деді аймақ басшысы.

Іс-шарада Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов форум жұмысына сәттілік тілеп, Сыр елінде қолған алынған маңызды жобаларды атап өтті.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрілігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Гүлбара Сұлтанова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, әлеуметтік жобалардың фандрайзингі саласындағы халықаралық тренер, аға эксперттік сеньор Норберт Штольдт, «Кітап құрттары» қозғалысының лидері Талғат Меңдібаев өз салалары бойынша мақсат-міндеттері мен алдағы жоспарларын таныстырды.

Жиынды қорытындылаған Қазақстанның Азаматтық альянсы президенті Бану Нұрғазиева өңірде жүзеге асырылған игі бастамаларға қолдау білдіріп, әріптестерінің жұмысына сәттілік тіледі.

Соңында түрлі бағыттарда табысты қызмет етіп, өңірдің қоғамдық дамуына белсене атсалысқан азаматтар марапатталды.

 

 

Ақпарат көзі: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі