Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

«Бәріне шешесі кінәлі»: Соққыдан мерт болған бүлдіршіннің әкесі өз шындығын айтты

Алматыда анасының көңілдесінің соққысынан кейін қаза болды деген төрт жасар Хантөренің әкесі арнамызға сұхбат беріп, барлық мән-жайды өз аузымен айтып берді. Жалғыз ұлынан айырылған жігіт ағасы бұрынғы әйелін кінәлап отыр, деп жазды Paryz.kz КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.

«Бәріне шешесі кінәлі»: Соққыдан мерт болған бүлдіршіннің әкесі өз шындығын айтты
Фото: видеодан скриншот

Ол азаматтық некедегі күйеуіне шаң жуытпай, бауыр еті баласына қамқорлық көрсете алмады деп айыптауда. Бүлдіршін өгей адамнан үнемі таяқ жейтінін айтқан соң, Ақылбек полицияға да арыз жазыпты.

Алайда тәртіп сақшылары бұл істі назардан тыс қалдырып, шара қолданбады дейді қайғыдан қан жұтқан әке. Жалғыз ұлын кеше ғана жер қойнына тапсырған әкенің қайғыдан жүрегі қан жылап тұр. 26 жастағы Ақылбек әйелімен өткен жылы ажырасқан. Сол уақыттан бері анасы кішкентай Хантөрені әкесіне жолатпауға тырысып, бар-жоғы төрт-ақ рет кездестірген. Соңғы жүздесуде бүлдіршін «үйге бармаймын» деп жылап, бөтен еркектің қол көтеретінін айтыпты. Мұны ести сала, жігіт ағасы бірден полицияға жүгініп, бұрынғы жұбайына да ескерткен.

"Балам маған «ұрады» деп айтты. Содан мен Әуезов ауданына барып, өз арызымды бердім. Сол кезде шешесі келді, «балаға қарашы, бала үйтіп жатыр ғой, бала алдамайды» десем, «төрт жасар бала не демейді» сен ойыңнан шығарып отырсың, мені қызғанып отырсың» деді. «Сенің басың істей ме, қай жақтағы қызғанған, ажырасып кеттік қой, мен баланы ойлап отырмын» дедім",-дейді Хантөренің әкесі Ақылбек Дармаханов.

Бірақ дабыл қаққан әкені 25 жастағы келіншек елемей, азаматтық некедегі күйеуіне шаң жуытпапты. Ал учаскелік полицейлер сан түрлі сылтау айтып, ешқандай шара қолданбағанын жеткізді. Апталдай азамат ұлының қазасына ажырасқан әйелін кінәлайды. Айтуынша, баласына қамқорлық көрсете алмаған ананы қылмыстық жауапкершілікке тарту керек.

"Туған шешесі қылмысқа кінәлі. Оны 100 пайыз айта аламын. Ол, біріншіден, бала «сырғанақтан құлады» деп жалған ақпарат берген. Екінші, баланың жағдайы нашарлаған соң туған әкесіне мойындады. Өзінің қара басын ойламай, баласын ойлау керек еді ғой. Оны тергесе, бәрін айтады. Оны қазір бостандыққа жіберіп қойған. Өз баласын өлтірген шеше ешкімді аямайды. Сондай топас әйелдер көп. Соларға сабақ болсын деп ойлаймын",- дейді Хантөренің әкесі Ақылбек Дармаханов.

Самал есімді келіншек баланы жуан жұдырығымен өлтірген жас жігітпен энергетика және электронды технологиялар колледжінде танысқан. Ауыр қылмысқа барған күдікті осы оқу орнын биыл бітіріпті. Білім ордасының басшылығы екі жыл педагог болып жұмыс істеген әйел мен студент арасында болған жақын қарым-қатынасты «байқамадық, колледжден тыс әріптестеріміздің жеке өміріне араласуға құқығымыз жоқ» деп ақталды.

"Тоқтасынова Самал бізде екі жыл жұмыс істеді, жас маман болып. Энергетикалық пәндерден сабақ берді. Дәулетов Дархан біздің түлегіміз. Ол 2023 жылы бітірді. Төрт жыл оқып бітірді. Жаман бала деп айта алмаймын. Екі адамның қарым-қатынасына біздің қатысымыз жоқ. Бастысы, колледждің ішінде емес. Біздің колледжде ондай жағдай орын алып жатқан жоқ. Ары қарай адамның жеке өмірі, немен айналысады, оны біз білмейміз",-дейді Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжі директорының орынбасары Тұрарбек Шәріпов.

Төрт жасар Хантөре өткен аптада анасымен бірге тұрған 19 жастағы жігіттен оңбай таяқ жеп, ауыр жарақат алған болатын. Бауыры мен бүйрегі езіліп, ішегі үзіліп кеткен бүлдіршіннің соңғы демі жансақтау бөлімінде үзілді. Қаршадай баланы соққыға жыққан күдікті қазір қамауда. Егер оның кінәсі дәлелденсе, 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал өз ісіне немқұрай қараған учаскелік полицейлерге қатысты дерек қазір тексеріліп жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстың жай-жапсары белгілі болады