Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Ақын әрі композитор Арман Қайназаровтың жұмбақ өлімі туралы тың деректер айтылды (ВИДЕО)

Осыдан бірнеше ай бұрын әлеуметтік желіде араққа салынып, көшеде түнеген ақын әрі композитор Арман Қайназаровтың видеосы қоғамда қызу талқыға түскен еді. Осы уақытқа дейін қазақ эстрадасының жұлдыздарына көптеген хит ән жазған өнерлі жігіттің күні кеше өмірден озғаны расталды, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Ақын әрі композитор Арман Қайназаровтың жұмбақ өлімі туралы тың деректер айтылды (ВИДЕО)
фото: әлеуметтік желіден

Бұл жайында марқұмның бұрынғы продюсері әрі журналист Тимур Нұғман айтты. Естеріңізге сала кетсек, ол алғашқыда далада қалған Арман Қайназаровты қалың көпшілікке таныстырып, қолдау көрсеткен еді. 

Иә, қайтыс болғаны рас. Маған Арман Қайназаровтың туған інісі өзі хабарлады. Неден қайтыс болғаны туралы әзірге ешқандай ақпарат жоқ. Бірақ қайтыс болғанын айтты. Қай жаққа жерлейтіні әлі белгісіз. Өзіміз хабар береміз деді. 19 қыркүйек күні таңертең қайтыс болды, – деді Арман Қайназаровтың бұрынғы продюсері.

Әлеуметтік желіде тараған ақпараттарға зер салсақ, композитор 4 қыркүйек күні Шаңырақ ықшам ауданында орналасқан дәмхананың алдында бейтаныс жігіттермен төбелесіп, жансақтау бөліміне түскен. Кейін комаға түсіп, қайтыс болған. Stan.kz тілшісі Арман Қайназаровтың өмірінің соңғы күндері өткен шағын ауданға барып, жергілікті тұрғындардан сауалнама жүргізіп көрді. 

Мен ол жігітті көргенім болмаса, былай танымаймын. Ол бұл жерде емес, алып кетті деп еді ғой. Мен білмеймін, - деді етікші аға. 

Арақ ішкеннің бәрін біз қарап жүреміз бе? Қайтыс болса, біз қайдан білеміз. Ауруханада жатыр деп еді ғой. Төбелес болады, арақ ішкендер өздері төбелеседі ғой. Олар бұл маңайда төбелеседі. Анау жердегі көшенің бойында жүреді. Ол үшін арақ ішетіндерді табу керек, солармен сөйлесу керек, – деді сол ауданда тұратын әже.

Алматыдағы Шаңырақ ықшам ауданында мұндай кісі өлімі жиі болатын көрінеді. Өйткені араққа салынған жігіттер көп екен. Бұл жайында Арман Қайназаровтың бұрынғы продюсері ашық айтты. 

Оны Арманның өзі де айтты. «Менің қасымда 1990 жылғы бала бар еді, сол 3-4 күн бұрын өліп қалды» деді. Арманның жанындағы досы тура дүкеннің алдында өліп қалған ғой. Сол жердегі дүкендегі сатушылар да айтып отыр. Негізі былай ғой, бұлар ішкілікке салынғасын, ішу керек боп тұрады. Басқа жол жоқ. Таңертең дүкен ерте ашылмай қалса, өліп кетеді, – деді журналист Тимур Нұғман.

Композитор Арман Қайназаров қазақ эстрадасының өкілдеріне ән жазған. Мәселен, марқұмның туындыларын Ұлықпан Жолдасов, Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина және Абай Бегей сынды өнерпаздар орындаған. Көше кезген музыканттың әлі жарыққа шықпаған біраз туындысы бар.

Арманның ішіп кетуіне әншілердің оның өнерін, өлеңін бағаламауы себеп болған. Мен қай әнші екенін білмеймін, бірақ бір-екі әншіге өлең жазып берген екен. Артынан жүгіріп жүріп, ақшасын зорға алған ғой. Бұл кісіде қазір жарыққа шықпаған 35 ән тұр, сол 35 әннің бәрі мықты, – дейді экс-продюсері.

Арман Қайназаров 1978 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданында туған. Тимур Нұғманның айтуынша, марқұм көпбалалы әке екен. 

Оның отбасы бар, төрт баласы және әйелі бар. Анасы мен бауырлары да бар. Алматыдағы Шаңырақ шағын ауданында бір бөлмелі пәтерде тұрады. Арман әйелімен тұрмайды. Өзінің айтуынша, олар ресми түрде ажырасып кеткен. Ары қарай олардың отбасылық мәселесін білмейді екенмін, – дейді Арман Қайназаровты көшеден тауып алған жігіт.