Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Елордада қатаң карантин қайта енгізілуі мүмкін

Бас қаладағы эпидахуал ушығып тұр.

Елордада қатаң карантин қайта енгізілуі мүмкін
фото: vechastana.kz

Нұр-Сұлтан коронавирустың таралуы бойынша "қызыл аймаққа" жақындады, деп хабарлады paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Бас қаладағы эпидахуал ушығып тұр. Өйткені елордалықтар санитарлық талаптарға атүсті қарап, дерт дендей түскен. Ал кей өңірлерде шектеу шарасы жеңілдетіліп жатыр. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында мектеп ішіндегі асханалар жұмысына қайта кіріседі.

Бүгінде Нұр-Сұлтан "сары" және "қызыл аймақтың" шекарасында тұр. Қаланың санитар дәрігерлері осылай деп дабыл қақты. Олардың айтуынша, халық жаңа жыл қарсаңында сақтық шарасын сақтамағандықтан, індетке шалдыққандар саны көбейіпті. Осылайша, елордада соңғы тәулікте тағы 123 адамның сынамасы оң нәтиже көрсеткен.

"Қазір қала "сары аймақта" орналасқанына қарамастан, сырқаттану санының өсуі байқалды. Дәрігерлерге өздігінен қаралатын халықтың үлесі артып келетінін атап өткіміз келеді. Қалада коронавируспен ауырғандар санының өсуі жалғасқан жағдайда, қосымша шектеу, карантин шараларын қабылдаймыз", - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Сархат Бейсенова.

Солтүстік Қазақстан облысында індеттің ушығып тұрғанына қарамастан, алдағы дүйсенбіде мектеп асханалары жұмыс істей бастайды. Бірақ онда үстелдердің арасы екі метр болып, келушілер саны 30 пайыздан аспауы керек. Сағат сайын асхананың іші желдетіліп, арнайы ерітінді қосылған сумен сүртуден басқа, аспаздарға да талап күшейтіледі. Олар жұмысқа дене қызуын өлшетіп кіріп, 2 сағат сайын бетпердесін ауыстырып тұруға міндетті.

"Санитарлық жағдайды бақылау бізде  коронавирус болмай тұрып-ақ бір жүйеге қойылған. Тамақпен қамтамасыз ететін кәсіпкерді де тексеретіндер бар. Ол - мектеп әкімшілігі және ондағы медицина қызметкерлері", - дейді СҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.   

Қазір коронавирустың таралуы бойынша қауіптің "сары деңгейінде" тұрған өңірлер жетерлік. Олардың қатарында Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары бар. Ал Ақмола және Қостанай облыстарында коронавирус өршіп тұр – "қызыл аймақта". Қалған өңірлерде індет жұқтыру қаупі төмен.

Соңғы тәулікте тағы 834 адам қауіпті кеселдің құрығына ілігіп, 91 адамның өкпесі қабынған. Ковидке шалдыққандардың жалпы саны 165 мыңнан асты. Коронавирус пневмониясын 46 мыңнан астам адам жұқтырған.