Ен байлықтың үстінде отырып, балаларына жөнді мектеп бұйырмағанына тұрғындар ашулы. Олар "естуші мемлекеттің" "саңырау" шенеуніктеріне айтып-айтып шаршаған.
Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы Алтынды ауылында 127 оқушы 4 бөлмелі үйде сабақ оқып жүр, деп хабарлады paryz.kz, arasha.kz сайтына сілтеме жасап.
Ауыл балаларына санитар мамандар сабаққа келуге рұқсат бергенімен, мектепке бара алмай жүр талай ауыл баласы! Оқушыға сабақ оқитын орын жоқ. Ұстаздар дәлізде отыр. Кітап-қағазын дәлізде реттеп, журналын жүре толтырған ұстаздар жайын Білім және ғылым министрі біле ме?
Айналдырған 4 бөлмелі үйге тек 1-2-сынып оқушылары ғана келіп-кетіп жүр. 1969 жылы салынған мектеп 2 жыл бұрын апатты деп танылған. Білім ошағы уақытша ауыл ішіндегі кеншілер үйіне көшеді. Содан бері балалар кеншілерге арналған 4 бөлмелі үйді білім ордасына айналдырған. Жергілікті билік ауыл балаларына арнап мектеп салуға асықпайтын сыңайлы.
Тар үйде "инемен құдық қазған" ұстаздардың жағдайы жылағандай-ақ. Олар оқушыларға толық білім бере алмай отырғанын мойындайды.
"Әрине, қиын. Барлық ұстаздарға қиын. Толық білім беру, толық тәрбие беру мүмкіндігі жоқ болып отыр қазіргі таңда. Қазір оқышуларды санитарлық нормаға сәйкес қабылдау мүмкіндігі болмай, бір және екінші сыныптар ғана оқып жатыр", - дейді Алтынды орта мектебінің директоры Әсет Есенбеков.
Ауылға алтын мен мыс өндіретін шахталар тиіп тұр. Ен байлықтың үстінде отырып, балаларына жөнді мектеп бұйырмағанына тұрғындар ашулы. Олар "естуші мемлекеттің" "саңырау" шенеуніктеріне айтып-айтып шаршаған.
"Балалар оқитын мектеп менің үйімнен де кішкентай. Балаға обал. Мазақ қылғандай. Мектепке менің үйімді алыңдар", - дейді Алтынды ауылының тұрғыны Марат Қоразбеков.
Алтындыда 500-ден астам халық бар. Жергілікті билік жағдаймен таныс. Мұғалжар ауданының басшылары ауылдағы мектеп мәселесі биыл шешіледі деген уәдесін берді. Жаңа мектеп 60 орынға лайықталып салынбақ. Ауылдың 127 баласы екі ауысыммен оқитын болады.
"Мектеп құрылысына байланысты жобалау-сметалық құжатама дайын. Облыстық экономика басқармасына біз құжаттарымызды беріп қойдық. Республикадан, облыстан қолдау тауып жатса, мектеп құрылысын биыл бастап кетеміз", - дейді Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қобландин.
Ақтөбедегі өндірісті ауылдың шағымы шаш-етектен. Алыстағы ағайын жағдайды президенттің естіп, Білім және ғылым министрінің көргенін қалайды.