Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2,6%-ға төмендеді

Министр 2020 жылы экономиканы қолдау шаралары жұмыспен қамту және іскерлік белсенділікті сақтауға ықпал еткенін атап өтті.

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2,6%-ға төмендеді
фото: pixabay.com

2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2,6 пайызға төмендеді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді, деп хабарлады paryz.kz.

"2020 жылы нақты сектор экономикалық драйвер болды. Ондағы өсу 2% болды. Өткен жыл көрсетілетін қызметтер үшін минус 5,6%-бен аяқталды. Дегенмен соңғы айларда қарқын қалпына келе бастады. Нәтижесінде, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны минус 2,6%-ды құрады. Бұл - 11 айдың деңгейінен жоғары", – деді Дәленов Үкімет отырысында.

Айтуынша, нақты сектор салаларының көбі және жекелеген қызмет түрлері өскен. Олар құрылыс (11,2%-ке), ақпарат және байланыс (8,6%), ауыл шаруашылығы (5,6%), өңдеу өнеркәсібі (3,9%) және білім беру (2,3%) салалары.

Сондай-ақ, кейбір салаларда өсім төмендегеніне қарамастан, жыл соңына қарай оң динамика байқалды. Олар - көлік, сауда, ғылыми және техникалық қызмет, жылжымайтын мүлік операциялары және кен өндіру өнеркәсібі.

Министр 2020 жылы экономиканы қолдау шаралары жұмыспен қамту және іскерлік белсенділікті сақтауға ықпал еткенін атап өтті. Нәтижесінде 1,4 миллион адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 238 мың адамға, Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 700 мың кәсіпкерге салықтық жеңілдік берілді. Зардап шеккен салалардағы қарыз алушылардың 80%-ы кредиттік төлемін кейінге қалдырды. Кәсіпкерлердің 40 мыңға жуық жобасы төмендетілген мөлшерлемемен қаржыландырылды.