Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

"Мен сондай жынды шалмын...": келестік қиқар қарияға 4 баппен іс қозғалды

"Сот шешімімен егде жастағы "Шевроле" автокөлігінің жүргізушісі жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін", - деді Түркістан облысының ПД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.

"Мен сондай жынды шалмын...": келестік қиқар қарияға 4 баппен іс қозғалды
фото: видеодан скриншот

Түркістан облысының Келес ауданында көлігімен қарсы бағытқа шығып кетіп, өзгенің машинасын қасақана соққан қарияға төрт баппен әкімшілік іс қозғалды. Зейнеткердің ерсі қылығы әлеуметтік желіге тараған соң әшкере болып, полицейлер тергеуді бастаған болатын. Алайда кәсіпкер қарияға айыппұл төлеу аса қиын емес сияқты, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Әлеуметтік желіні шулатқан видео Келес ауданының орталығы - Абай ауылында болған. Өз жолымен кетіп бара жатқан "Приора" автокөлігінің жолын жол талғамайтын көлік кес-кестейді. Сөйтсе, сүліктей қара "джип" қарсы бағытпен келе жатыр екен. Заң бұзса да "Шевроле" көлігіндегі ақсақалға алдынан шыққан жас жігіттің жол бермегені ұнамай қалыпты. Кері шегінгісі келмеген қария "көлігіңді жаншып өтем" деп қырсыққан.

"Мен саған айттым, артыма қайтпаймын, балам. Машинаны ал дедім. Мен сондай жынды шалмын, түсіндің бе?.. Машинаңның үстінен өтіп кетем қазір... Төлей салам. Жаңа машина әпере салам", - дейді ол жас жігітке.

Алдынан шыққанға ашуланған ақсақал сөзін расында ісімен дәлелдеді. Өзін "тентек шалмын" деп таныстырған 64 жастағы Әлімқожа Ахраров деген азамат екен. Абай ауылында базары бар қалталы кәсіпкер деседі. Жәбірленуші Ербол есімді жігіт видеоны әлеуметтік желіге таратқан соң, Әлімқожа ақсақалдың ашуы бірден тарқады. Тіпті жәбірленушімен туыстығы бары анықталып, бір-бірінен кешірім сұрады.

"Ағамызға айтып бар, көкеме. Сәлем айт. Ағамнан кешірім сұрадым, мен жол бермедім де. Ағам сіз үшін менен кешірім сұрады де. Жарай ма? Біз бір ағайындармыз бәріміз. Аман-сау бол, балам. Амандықта жолығайық", - дейді қиқар шал.

Алайда қалталы кәсіпкердің кеудемсоқтығын жәбірленуші кешіргенмен, полицейлер кешірген жоқ. Ақшасы көп ақсақалға әкімшілік кодекстің 4 бабымен іс қозғалды.

"Оның ішінде жол ережесін өрескел бұзу және жол көлік оқиғасын жасағаны үшін жинақталған материалдар сотқа жолданады. Сондай-ақ сот шешімімен егде жастағы "Шевроле" автокөлігінің жүргізушісі жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін", - деді Түркістан облысының ПД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.

Әзірге "Приора" көлігінің қанша жері бүлініп, шығыны қаншаға бағаланатыны беймәлім. Ал тентек шал жүргізуші куәлігінен айырылатын болды демесеңіз, 100 мың теңгеге жетер-жетпес айыппұлды төлеу қалталы кәсіпкерге түк емес.