Абай ойдан шығарылған ақын ба: Тұрсын Жұртбай даулы мақалаға жауап берді

Зерттеуші Зәуре Батаеваның бірер жыл бұрын жазған мақаласындағы «Абай – алаштанушылардың ағартушылық жобасы» деген қайшылықты пікірі ғылыми ортада дау туғызған еді. Белгілі абайтанушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында даулы мақалаға қатысты пікір білдірді. 

Ұлт намысын басындыруға болмайды. Лермонтов, Мағжан сынды ұлт ақындары бар сыналуы мүмкін. Жеке лирикалық ақындар бар, оларға әр түрлі көзқарас болуы мүмкін. Батаева осы туралы «АҚШ-та арнайы лекция оқыдым» дейді. Ал АҚШ-тағы қазақтар «Абай деген кім, қорланамыз» деп жазып жатыр. Соның лекциясының әсері. Ал одан басқа соның жетекшісі біз алақанға салып жүрген, Абайдың арқасында доктор, Абайдың арқасында мемлекеттік сыйлық алған және жоба бойынша АҚШ-тан ақша алып тұрып, істеген жұмыс болып шықты-мыс дейді. Ар мен ұят можантопайлықтың құралы емес, – дейді абайтанушы. 

Зерттеуші Батаеваның көшпенді қазақ сахарасында Абайдың аса күрделі саналатын орыс тілін ғана емес, сонымен қатар парсы, араб тілдерін, статистикалық ғылымдар мен шығыс пен батыстың философиясын өз бетімен меңгеріп алуы күмәнді деген пікірін ғалым түбегейлі жоққа шығарады. Оның айтуынша, 5 жасынан бастап оқыған Абай тәлім алған орта – тура Гете тәрбиеленген ортамен бірдей. Араб, парсы, шағатай, түрік, орыс тілдерін 4-5 жасынан бастап, осы тілдер ана тілі болып табылатын мұғалімдердің қадағалауымен және күнделікті дәріс алу арқылы ғана үйренген.

Құнанбай сол үшін арнайы діни білімі бар Ғабитханды ауылына көшіріп әкеп, мектеп ашқан. Абай сол мектепте 5 жасынан бастап оқыған, сегіз жасынан бастап екі жылдық орта білім беретін медреседен «Мұхтасарды» (грамматика) тәмамдаған. Бұл – бүгінгі орта мектептің деңгейі. Ғабитхан молда Құнанбайға:«Мына балаң ерекше қабілетті, енді арнайы медресеге апар. Онда ғылым оқуын оқытады» дейді. Үш айдан кейін Құнанбай әуелгі берген Ғабдүлжаппар имамның медресесінен алып: «Мына жас молданың оқуы тура оқу екен (жәдидтік бағдарлама)» деп Камалитдден (Камаридден) хазірет ұстаздық ететін Ахмет Риза медресесіне береді. Ал Камалитден (Камаридден) хазірет – ислами ойлау жүйесіне бетбұрыс әкелген, жадидтік ағымның негізін қалаушы, Ресей империясында ғана емес, мұсылман дүниесіне мағлұм ғұлама Шаһабуддин (Шагабутдин, Шиғабутдин) – Маржанидің алғашқы шәкіртінің бірі. Ал Шаһабуддин атында ол кезде Бағдатта, Ыстанбұлда, Каирде көшелер мен махаллелер болған, – дейді Тұрсын Жұртбай.

Оның айтуынша, Камалитден хазіреттің мұндағы алғашқы шәкірті – Мәшһүр-Жүсіп. Осы Камалитдден хазіреттің мектебінен оқығандардың ең соңғы шәкірттері Қаныш Сәтбаев пен Шапық Шокин, ағайынды Хайыржан мен Халижан Бекхожиндер, Ақжан Машанов және солармен ілесе шыққан 25 ғылым докторы бар.

«Гете неміс халқы үшін сондай дана. Немістер әлемдік аренаға шығып, мәдениеті мен салтанатын құрған сайын, Гетені өздерімен бірге биіктете береді. Орыста – Пушкин, қазақта – Абай. Осы уақытқа дейін Гете мен Пушкинге, оның өмірбаянына немесе жеке мінезіне сын айтып, менсінбей қараған орыс, неміс жоқ. Өкінішке қарай, біз Абайды талаумен, талапайға салумен, ерініп жатып, шалқамыздан түсіп ап шапшытумен келеміз. Жасымыз да, кәріміз де, сауатсызымыз да, данамыз да Абайды шымшып өтуге құмар. Әуезовсіз абайтану жоқ», – деген ғалым Абайдың адам ретінде нақты өмір сүргенін дәлелдейтін және Абай өлеңдерінің қолжазбасы болғанын атайды.

Әлихан Бөкейханов ол қолжазбаларды Абайдың өмірбаянын жазарда Кәкітай мен Тұрағұлдан сұратып алдырғанын растайтын нақты дерек бар. Ол – Әлихан Бөкейхановтың 1915 жылы Кәкітай өлгенде жазып, «Қазақ» газетінің сол 1915 жылғы №105 санында жариялаған азанамасы, – дейді ғалым. 

Айта кетелік, Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеуге қатысты кейінгі жылдары түрлі пікір айтыла бастады. Зерттеуші Зәуре Батаева Абайды алаштанушылардың жобасы деп атаса, журналист Жанұзақ Әкім хакім қарасөздеріндегі қазақ ұлтына қатысты сөздер мектеп оқулықтарынан алынып тасталуы қажет деп Тоқаевқа алғыс хат жолдаған. Абайтанушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай аталған мәселелерге қатысты тілшімізге берген сұқбатында кеңірек әңгімелеп берді.