Нұр-Сұлтанда түнде дүкеннен кассалық аппарат пен флешка ұрлаған адам ұсталды

Полиция қызметкерлері күдіктіні елордадағы сауда үйлерінің бірінде құрал-жабдықтарды сатпақшы болған кезде қолға түсірген.

Нұр-Сұлтанда түнде дүкеннен кассалық аппарат пен флешка ұрлаған адам ұсталды
фото: ашық дереккөз

Ер адам жылы аялдаманың ішіндегі дүкенге кіріп, касса аппаратын ұрлап кеткен, деп хабарлады paryz.kz, Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде сауда жасауға арналған техниканы ұрлады деген күдікпен 43 жастағы ер адамды ұстады. Тергеп-тексеру барысында түнгі сағат 2 шамасында Достық-Түркістан көшелерінің қиылысында ер адам есіктің шынысын сындырып, жылы аялдаманың ішіндегі дүкенге кірген және касса аппаратын, мониторды, штрихкод сканерін және флешканы ұрлаған. Сөйтіп, жалпы сомасы 300 мыңға зиян келтірген.

Полиция қызметкерлері күдіктіні елордадағы сауда үйлерінің бірінде құрал-жабдықтарды сатпақшы болған кезде қолға түсірген. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды. Күдікті кінәсін мойындады, заттай дәлелдемелер тәркіленді және иесіне қайтарылды. Оның бұрын елорда аумағында жасалған қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексерілуде.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті құнды заттарды қараусыз қалдырмауды, мұқият болуды, шағын және орта бизнес объектілеріне күзет дабылдарын орнатуды ұсынады.