Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Алматы әуежайы маңындағы заңсыз жер сату ісіне қатысты сот басталды

Атышулы отырыс бірнеше мәрте кейінге шегеріліп, тек бүгін ғана өтті.

Алматы әуежайы маңындағы заңсыз жер сату ісіне қатысты сот басталды
фото: ашық дереккөз

Алматы халықаралық әуежайының маңындағы жер телімдерін заңсыз сатқандарға қатысты басты сот процесі басталды. Фемида алдында ауданның экс-шенеуніктері мен риэлтор жауап беріп жатыр. Атышулы отырыс бірнеше мәрте кейінге шегеріліп, тек бүгін ғана өтті, деп хабарлады paryz.kz, "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап.

Талғар ауданындағы шенділердің басына өткен жылы ұшақ апатынан кейін қара бұлт үйірілген болатын. Осыдан кейін "заңсыз жер телімін беруге қатысы бар" деген 5 шенеунік пен бір риэлтор күдікке ілінді. Атап айтқанда, Талғар аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Рустам Тұрысбеков, жер қатынастары бөлімінің экс-басшысы Қайрат Алтынбекұлы, Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығының экс-басшысы Жарас Мәшімбаев, осы орталықтың басшысы міндетін атқарған Медеу Қалыбеков және орталықтың сектор басшысы Берік Абдуллаев пен риэлтор Нұрайым Алданыш бар.

Оларға қызмет бабын асыра пайдалану, мемлекет мүлкін иемдену сынды бірнеше бап бойынша айып тағылған. Әуежай маңындағы жер телімдерінің заңсыз берілуіне осы тұлғалардың қатысы бар екен.

"Алданыш Нұрайым алаяқтық әрекетке барып, алдын ала топ болып сөз байласу, алдау арқылы Абдуллаевпен бірлесіп өзгенің мүлкін жымқыру мен иемдену арқылы Талғар ауданына 8 миллион 382 мың теңге залал келтірген", - деді мемлекеттік айыптаушы Жарқын Қаптағаев. 

Мемлекеттік қызметкерлер тергеу барысында өз кінәларын толықтай мойындағанымен, айыптау қортындысымен таныстырғаннан кейін барлығы бірдей қылмыс жасағандарын мойындаудан бас тартты. Айып тағылған 6 адамның ішінде тек риэлтор Нұрайым Алданыш қана қылмыс жасамағанын басында айтқан еді. Ол тергеу изоляторында қамауда отыр. Қорғаушысы үйқамаққа алу туралы өтініш бергенімен, судья қанағаттандырмады.

"Барлық тараптарға бірдей мүмкіндік берілуі тиіс. Барлық сотқа қатысушылардың жағдайы бірдей болу керек. Біз дәлелдер келтіретін боламыз. Мұнда бір адамның құқығы бұзулуда. Бүгін менің қорғауымдағы азаматшаны босатылады деп үміттеніп едім. Оның да өзге қатысушылар сияқты айыптау қортындысымен танысуға мүмкіндігі болатын еді", - деді сотталушы Нұрайым Алданыштың қорғаушысы Азамат Байкенов. 

Ол Нұрайым Алданышты үйқамаққа ауыстыруға мүдделі. Ал Талғар адандық әкімдігінің экс-қызметкерлері мемлекетке келтірген шығынның біраз бөлігін өтеп те үлгеріпті.

Айта кетейік, атышулы іс сотқа желтоқсан айында берілген болатын. Алайда риэлтор мен оның қорғаушысының іспен танысып үлгермеуіне байланысты, істі қарау екі рет кейінге шегерілген болатын.

Еске сала кетсек, Bek Air әуе компаниясының ұшағы былтыр апатқа ұшырап, 12 адам қаза тапқан болатын. Ұшақ әуеге көтеріле алмай, екі қабатты үйге соғылған еді. Bek Air өкілдері ғимарат әуе кемесіне кедергі болғанын және егер бұл кедергілер болмаса, адам шығыны болмайтын еді деп мәлімдеген-ді.