Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

«Қару сатты, анасын өлтірді»: Бекболат Тілеухан жала жапқандарға жауап берді

Экс-депутат Бекболат Тілеухан Құранмен ант етіп, өзінің атына тағылған барлық айыптарды жоққа шығаратынын мәлімдеді, деп хабарлады Paryz.kz turkystan.kz-ке сілтеме жасап.

«Қару сатты, анасын өлтірді»: Бекболат Тілеухан жала жапқандарға жауап берді
Фото: видеодан скриншот

«Жасым біразға жеткендіктен, өзіммен өзім болып, кітабымды жазып, әулеттің қамына ғана көңіл бөліп, намазымды оқып және басқаның бәрінен бас тартамын деген оймен жүргенмін. Маған осы жылдар талай жала жабылды. «Қару сатты, анасын өлтірді, анасын тікелеп көмді, ән ұрлады, Сауд Арабиясынан қаржы алды, Сирияға кісі жіберді» деген айыптар жетіп жатыр… Қисынсыз болған соң, қатты көңіл бөлген жоқпын. Сенгендер болды, сенгісі келгендер бар.

Бірақ ең ауыры – «қарапайым халықтың қажылыққа барам деп тірнектеп жинаған ақшасын жымқырып кетті» дегені болды. Меккеге деген махаббатынан, аузынан жырып жинаған адал ақыларын жымқырып кетті деу өте ауыр жала. Ол жаланың авторы – Медет Мұратбайұлы. Бұл бейшара балаға да біреулер айтқызып отыр ғой», – дейді ол.

Еске салсақ, 2022 жылы «Кәусар тревел» компаниясының басшысы Медет Мұратбайұлы Б.Тілеуханды ақша бопсалады деп айыптады. Сондай-ақ  компания клиенттерінің ақшасын оған бергенін айтты.

 «Олар айтқандай 2022 жылдың күзінде Алматыда ақша алмағанын, тіпті Қазақстанда болмадым. Аллахтың атымен ант етемін, мен ешқандай «Кәусар тревел» деген компанияны білмеймін, білген де жоқпын. Одан соқыр тиын алған жоқпын. Осыған дейін жер бетінде Медет Мұратбай деген адамның бар екенін білсем Құдай мені тапсын. Ешқашан ондай нәрсе болған емес. Сосын Мен анамды өлтірген жоқпын, тігінен көмген жоқпын. Жеті камаз қару түгілі бір винтовка сатып көрген жоқпын. Ғарифолла Құрманғалиевтен ән ұрлаған жоқпын. Оның «Елім менің» әніне тамшыдай үлесі болса, Құдай мені тапсын. Ғарифолла Құрманғалиевтің ол әнге ешқандай қатысы жоқ. Сирияға бір кісіні жіберген жоқпын, Құдай көріп отыр. Саудиядан бір тиын ақша алған жоқпын», – деді Бекболат Тілеухан.

Айта кетейік, жыл басында Меккеге қажылықты ұйымдастырумен айналысатын «Каусар тревел» туристік компаниясына қатысты тергеу басталды. Осыған байланысты клиенттердің алданғаны туралы 300-ден астам өтініш түсті. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды және Медет Мұратбайұлы қамауға алынды.