Әлеуметтік желіде Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп көз жұмған төрт жасар Айкөркемнің әкесі мен бақылауда жүрген күдіктінің арасында болған даудың видеосы тарады. Оқиға Алматы горнизоны әскери прокуратурасының алдында болған, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
Видеода қыздың әкесі Айдос Меделхан «Сен неге еркіндікте жүрсің? деп күдіктіні ұстап, Әскери прокурорды шақыруды талап етеді. Күдіктінің анасы «Менің баламды жібер» дегенге бүлдіршіннің әкесі «менің баламды атқан осы, сонда атуға бола ма екен? деп жауап қатып жатыр.
Айкөркемнің әкесі күдіктіні күшпен Әскери прокуратураға кіргізбекші болады.
Арман есімді күдікті журналистерге өзінің кінәлі емес екенін айтады.
«Менің кінәм жоқ. Мен ол жердегі Volkswagen көлігін көрген де жоқпын. Бұл кісінің көлігін көрмедім. Болды. Айтарым сол. Басқа ештеңе айта алмаймын. Мен қазір бөлімшеде бақылаудамын», - деді ол.
Оқиғаға араласқан полиция қызметкері кінәліні сот анықтайтынын айтып, дауға қатысушыларды сабырға шақырды.
Еске салсақ, Алматы гарнизонының әскери соты әскери қызметші А.И. Жұманның қару қолданумен билікті асыра пайдаланып, кәмелетке толмаған Айкөркем Мелдеханның өліміне әкеп соқтырғаны туралы (ҚР ҚК 451-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы) қылмыстық істі қарауды бастады.
Сондай-ақ қайтыс болған кәмелетке толмаған Айкөркем Мелдеханның әкесі Айдос Мелдеханға мемлекеттік құпияларға рұқсатты рәсімдеу бірнеше рет ұсынылған. Алайда Айдос Мелдехан рұқсат жасаудан бас тартты. Оған мемлекеттік құпияларға рұқсат беруден бас тартудың салдары ескертілді.
Қайғылы оқиға 2022 жылдың 7 қаңтарында болған. Алматыда Сейфуллин мен Сәтбаев көшелерінің қиылысында бір үйдің балалары отырған көлікке әскерилер тарапынан оқ жаудырылған. Төрт жасар Айкөркем Мелдехан оқиға орнында қаза болды. Оның 15 жастағы әпкесі оқ жарақатымен ауруханаға түсіп, күрделі ота жасалды.