Прямая трансляция

Астана

Астана

-0.03°C

Көңілбай Шүкеновтен «көңілі қалған» 200-ге жуық салымшы аштық жариялауға дайын

Amanat Home кооперативіне ақша салып, артынан алданған салымшылар Halyq Uni редакциясына хабарласып, көмек сұрады. Олар компаниядан ақшасын қайтарып беруді талап етіп отыр. Арасында сот үкімі шығып, бірнеше жылдан бері ақшасын күтіп жүрген салымшылар да бар.

Көңілбай Шүкеновтен «көңілі қалған» 200-ге жуық салымшы аштық жариялауға дайын
коллаж: Halyq Uni

Мен үш жыл бұрын Amanat Home кооперативіне ақша салдым. Екі жыл бойы үйдің берілуін күттім. Ал соттың шешімі шыққанына бір жылдан асты. Бірақ ақша да, үй де, өздері де жоқ. Сол кездегі менеджерлердің бәріне хабарластым, ешқайсы жауап бермейді, - дейді салымшы Айгерім Жүзбек.

Салымшылар әу баста белгілі блогерлер мен әншілердің жарнамасына сеніп, үйлі боламыз деп үміттенген. Бірақ қазір үйсіз-күйсіз жүргенін, сенімі ақталмай, далада қалғанын айтады.

«Бізді бұл пирамидаға Instagram-дағы түрлі блогерлер мен әншілердің жарнамасы арқылы келдік. Олардың арасында айтыскер Балғынбек Имашев, әнші Алтынай Жорабаева, әзілкеш Ғалымжан Махамбетовтер бар. Олар тіпті үй, көлік алып, оны парақшасында жарнамалады. Біз соларға сеніп салымшы болдық», - дейді Жанна Туебаева есімді салымшы.

Егер ақша қайтарылмаса, 200-ге жуық адам ашаршылық жариялайтынын айтып отыр.

Қазір үй де, ақша да жоқ. Біз бұған дейін Бас прокуратураға да бардық, олардан әлі хабар жоқ. Енді тек аштық жариялау ғана қалды. Егер талабысыз орындалмаса, 200-дей салымшы жиналып, аштық жариялайын деп отырмыз, - дейді салымшы Жанна Туебаева.

Ал адвокат сот шешімі шығып, бірақ орындалмай отырғанын жеткізді.

«Қазір 180-нен аса салымшының арызы бойынша сот шешімі шыққан, апелляциялық сатыда күшіне енген. Атқару парақтары сот орындаушыларда қозғалған. Бірақ қазір ешқандай шара қолдана алмай отырмыз, себебі Amanat Halyk есершотында ақша жоқ.

Ал алаяқтық фактісі бойынша құзырлы органдарға хабарласқанымызда, жинаған құжаттар толық болмағандықтан, “қаржылық пирамида белгілері жоқ” деген жауап алдық. Біз осы бойынша Бас прокуратараға және Ішкі істер министрлігіне шағымымызды қалдырдық», – дейді салымшылардың адвокаты Сұлтанбек Қалманбекұлы.

Салымшылардың айтуынша, бүгінде Amanat Home кооперативінің атауы Amanat Halyk болып өзгеріп кеткен. Алданғанын айтқан салымшылар компанияның офистері жабылып, онлайн режимге көшкенін жеткізді.

Кооператив басшылығымен, менеджерлерімен байланысу әзірге мүмкін болмай отыр.