Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

COVID-19: Нұр-Cұлтанда үстемақыдан қағылған дәрігерлер бас көтерді

Санитарлар коронавируспен ауыратындардың тұрған-жүрген жерін тазаласа, жүргізушілер оларды сол жерден арнайы салынған ауруханаларға жеткізеді. Сөйтіп жүріп, індетті өздері де жұқтырған...

COVID-19: Нұр-Cұлтанда үстемақыдан қағылған дәрігерлер бас көтерді
фото: inform.kz

Елордадағы көпсалалы медицина орталығының дәрігерлері үстемақы беруді талап етті. Коронавирусқа шалдыққан науқастармен тікелей жұмыс істейтін олардың біразы ковидпен ауырып та шыққан. Бірақ үстемақы төленетін дәрігерлердің санатына кірмей қалған, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Атап айтқанда, елордадағы қалалық көпсалалы ауруханада 300-ге тарта қызметкер жұмыс істейді. Соның ішінде орта және кіші дәрежелі қызметкерлер былтыр жыл бойы үстемақы алмаған. Аурухана басшылығы тіпті мемлекеттік мерекелерде де сыйақы беруді доғарыпты. Дәрігерлер коронавирус жұқтырғандармен тікелей байланыста жүрсе де, мемлекеттің қаржылай қолдау көрсетпегеніне наразы.

"Бізде наурыздан бері санағанда күнде науқас. Түскен кезде науқас ПТР-тест тапсырады. Екі күннен кейін анализі шығады. Пневмония, ковид. Апарамыз. Оларды жатқызады. Санитаркалар кіреді, еден жуады. Біз барамыз, егеміз, дәрісін беріп, қан қысымын өлшейміз. Ол қабылдау бөліміне лифтімен келеді. Қабылдау бөлімінен бастап, біздің бөлімде екі күн жатады. Сонда бізге бірде-бір науқасқа өтемақы төлеген жоқ", - дейді медбике Сәуле Жырғабай.

Санитарлар коронавируспен ауыратындардың тұрған-жүрген жерін тазаласа, жүргізушілер оларды сол жерден арнайы салынған ауруханаларға жеткізеді. Сөйтіп жүріп, індетті өздері де жұқтырған.

"Мен жедел жәрдем жүргізушісімін. Алдыңғы бір кезегімде екеуін апардым. Кеше төртеуін жеткіздім. Қасымда отырады түкіріп, қақырып. Мен артынан көлікті жуып, тазалаймын. Сөйтіп жүріп, өзім ауырып шықтым. Енді тым болмаса бізге 200 мың төлеңдер деп отырмыз. Ал олар төлегісі келмейді, бірақ жұмсағанды біледі", - дейді "Көпсалалы медицина орталығы" жедел жәрдем қызметінің жүргізушісі Қуат Мамырбаев.

Бар мәселе – мекеменің карантиндік стационарлар қатарына жатқызылмағанында. Қызметкерлер науқастармен тікелей байланыста жұмыс істейтіндердің қатарында болып саналмайды. Ал мекеменің өзі төлемек түгілі, қарызға батқан.

"Осыған қосымша министрдің тағы бір бұйрығы бар. Онда осы санаттарға кірмеген қызметкерлерге мекеме өз қаражаты есебінен үстемақы төлесе болады делінген. Бірақ қаржылық қиындықтарға байланысты біз ондай ақша төлей алмаймыз. Себебі, мекеменің кредиторлық қарыздары бар. Ол қарыз қайдан шықты деп, медициналық сақтандыру қоры бізде аудиторлық тексеріс жүргізіп жатыр", - дейді орталық директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Бағдат Нұрбеков.

Дегенмен жақында медициналық сақтандыру қорынан осында ақша аударылмақ екен. Соның есебінен мекеме барлығына бір жалақы көлемінде жаңажылдық сыйақы төлемекші. Бірақ қарызға кіріп кеткендіктен, қызметкерлер оған да күмәнмен қарайды.