Нұр-Сұлтанда полицейлер әйел мен 3 баланы өрттен құтқарды (ВИДЕО)

Олар өртті өз күшімен сөндірді.

Нұр-Сұлтанда полицейлер әйел мен оның 3 баласын аман алып қалды. Олар 5 қаңтарда сағат 05:40 кезінде Өзен көшесінің маңында жұмыс істеп жүріп, түтінді байқап қалады. Жақындай келе олар үйдің шатыры өртеніп жатқанын көрген, деп хабарлады paryz.kz, polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Инспекторлар Ерлан Қатаев пен Асан Балтабаев ойланбастан үйдің есігін бұзып кіріп, ұйықтап жатқан қыз бала мен 2 ұл баланы сыртқа аман алып шығады. Бұл уақытта жалын бөлмелерге таралып үлгерген екен.

Балалардың анасы да үйдің өртеніп жатқанын білмей ұйықтаған. Полицейлер әйелді де өз көліктеріне отырғызып, артынша қызыл жалынды ауыздықтауға кіріседі. Олар өртті өз күшімен сөндірді.

"Барлығы қас-қағым сәтте болды. Біз үшін бастысы — әйел мен балаларды құтқару болды. Бақытымызға орай, ешкім зиян шеккен жоқ", -деді Ерлан Қатаев.

Бұдан кейін оқиға болған жерге өрт сөндірушілер келді. Кәсібилігінің арқасында полицейлер 9 және 15 жасар 2 ұл баланы және 13 жасар қызды өлімнен аман алып қалды. Артынша отағасы екі инспекторға алғыс білдірді.