Қарағанды облысында тұрғындар ауызсуды 11 шақырымнан тасып жүр

Сондай-ақ ауыл тұрғындары Сарытөбеде интернет жоғын айтты.

Қарағанды облысында тұрғындар ауызсуды 11 шақырымнан тасып жүр
фото: дереккөз

Қарағанды облысының Сарытөбе ауылында 700-ге жуық адам интернетсіз және малға жайылымсыз тұрып жатыр. Ал ауызсуды 11 шақырым жерден тасып ішеді, деп хабарлады paryz.kz, tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Елді мекен Қарағандыдан 40 шақырым жерде орналасқан. Мұнда автобуспен журналистер, блогерлер және қоғам белсенділері келді. Жергілікті тұрғындар оларға қанша жылдан бері ауызсу күтіп отырғандарын айтты.

"Егер біз ішіп отырған суды тексерсе, онда ол ішуге жарамайды деген нәтиже шығатын шығар. Теңіз суы секілді тұзды. Бүйрегіміз ауырады", - деді жергілікті тұрғын. 

"Мен су үшін 11 шақырым жүремін", - деп қосты көршісі.

Сондай-ақ ауыл тұрғындары Сарытөбеде интернет жоғын айтты. Тіпті жақын жерде мал үшін жайылым да болмай шықты. Оған ауыл маңындағы жердің егін егуге пайдаланылып жатқаны себеп. Дегенмен ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен күнкөріп отыр.

Жергілікті әкімнің айтуынша, бұрын проблема бұдан да көп болған. 

"Биыл ауылға су құбыры жүргізіледі. Жайылым мәселесі де бақылауда, шешімін іздеп жатырмыз. Интернетке қатысты айтар болсам, қазір жоба әзірленіп жатыр. Тіпті инфрақұрылым үшін ақша салынып қойды. Көктемде бұл мәселені көтереміз. Ол да шешіледі деген ойдамын", - деп уәде етті қоғам белсенділеріне Көкпекті ауылдық округінің әкімі Айдын Досмақов.