Петропавлда 19 жастағы жігітті көлік қағып өлтірді, деп хабарлады Paryz.kz.
Облыстық полиция департаменті хабарлағандай, қайғылы оқиға 13 шілдеде сағат 00:10 шамасында Петропавл қаласы Қожаберген жырау көшесінде болған.
«Жол-көлік апаты салдарынан 38 жастағы ВАЗ 2114 автокөлігінің жүргізушісі жол бөлігіне белгісіз жерде шыққан жаяу жүргіншіні басып кетті. 19 жастағы жаяу жүргінші оқиға орнында қайтыс болды», - делінген хабарлаиада.
Оқиға орнына полиция және жедел медициналық жәрдем қызметкерлері келді.
«Алайда сағат 00:30 шамасында оқиға орнына жақын тұрған Hyundai H350 жедел жәрдем көлігі мен өтіп бара жатқан Mercedes-Benz 124 соқтығысты. Апат салдарынан 22 жастағы фельдшер медициналық мекемеге жатқызылды. 37 жастағы Mercedes жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен, алайда көп ұзамай полиция қызметкерлері ұстады», - делінген хабарламада.
ЖКО фактілері ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі және 345-1-бабының 1-бөлігі бойыншасотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Көлік құралдары мамандандырылған тұраққа қамалды.
«Полиция қажетті сараптамаларды тағайындау және түпкілікті іс жүргізу шешімін қабылдау үшін материал жинап жатыр. Анықтау жүріп жатыр», - деді полиция өкілдері.