Димаш Құдайберген АҚШ президентінің ұлықтау рәсіміне қатысады

"Sister Cities International" ұйымының негізі қаланғалы және АҚШ пен Қазақстанның қарым-қатынасы тарихында жаңа сайланған АҚШ президентінің инаугурациясын тойлау апталығын ашушы іс-шараға қазақстандық өкіл алғаш рет қатыспақ.

Димаш Құдайберген АҚШ президентінің ұлықтау рәсіміне қатысады
фото: дереккөз

Димаш Құдайберген 17 қаңтарда басталатын жаңадан сайланған АҚШ президенті Джозеф Байденнің инаугурациясын тойлау апталығының ашылу салтанатына қатысады, деп хабарлады paryz.kz, dimashnews.com-ға сілтеме жасап. 

Дәстүр бойынша бұл іс-шараны Бауырлас қалалар ассоциациясы – "Sister Cities International" ұйымы өткізеді. АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Джозеф Байден сол ұйымның құрметті тең төрағасы болды. Сонымен қатар бұл іс-шараға дипломатиялық корпус та қатысады.

Коронавирус инфекциясы пандемиясына байланысты, мереке 2021 жылдың 17 қаңтарында сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 6:00-ден 8:00-ге дейін) онлайн түрде өтеді.

Вашингтонда орналасқан "Sister Cities International" халықаралық үкіметтік емес ұйымының негізін 1953 жылы АҚШ-тың 34-президенті Дуайт Эйзенхауэр қалаған. Сол кезден бері АҚШ президенттері Джон Ф. Кеннеди, үлкен Джордж Буш, Билл Клинтон, Барак Обама және Дональд Трамп бұл ұйымның құрметті тең төрағалары болды.

70 жылға жуық тарихында "Sister Cities International" АҚШ қалалары және оның 130-дан астам мемлекеттегі бауырлас қалаларының өзара әрекеттесуіне байланысты көптеген іс-шара өткізді.

Осы жылы "Sister Cities International" 8 мәрте "Грэмми" жүлдегері – аты аңызға айналған әнші Дайон Уорвикке ұзақ жылдар еткен еңбегі үшін марапат ұсынады. Сонымен қатар Дайон Уорвиктің әлемге "The Weeknd" ретінде белгілі, 3 мәрте "Грэмми" жүлдегері Абель Тесфаймен бірлесіп жұмыс істей бастағаны белгілі болды.

"Sister Cities International" ұйымының негізі қаланғалы және АҚШ пен Қазақстанның қарым-қатынасы тарихында жаңа сайланған АҚШ президентінің инаугурациясын тойлау апталығын ашушы іс-шараға қазақстандық өкіл алғаш рет қатыспақ.

"Sister Cities International" іс-шарасынан бір күн бұрын, 16 қаңтарда қазақстандық әншінің "DIMASH DIGITAL SHOW" атты алғашқы онлайн-концерті өткізіледі.