Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Қошанов: банкте 7,5 миллион адамның қарызы бар

Кеше Мәжіліс спикері, «АМАNАТ» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Түркістан облысында болды. Онда өңірдегі әлеуметтік нысандарды, кәсіпорындарды аралап, тұрғындармен партиялық жобалардың іске асырылу барысын талқылады, деп хабарлайды Paryz.kz.

Қошанов: банкте 7,5 миллион адамның қарызы бар

Палата спикері сапарын Сайрам ауданындағы сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын «AYKAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін аралаудан бастады. Мұнда «Ауыл аманаты» партиялық жобасына атсалысқан шаруа қожалықтары басшыларының қатысуымен бағдарламаның іске асырылу барысы талқыланды. Аталған жоба ауыл-аймақта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған.

–  «Ауыл аманаты» жобасы – ауыл азаматтары үшін табысын арттыруға зор мүмкіндік. Бұл, әсіресе, тұрғындарының көбі ауылда тұратын Түркістан облысы сияқты халқы тығыз өңір үшін өзекті. Биыл осы бағдарлама бойынша бөлінетін барлық қаражаттың бестен бір бөлігі дәл осында бағытталады. Бұл – шамамен 20 миллиард теңге. 3,5 мыңға жуық адамға жаңа жұмыс орындары ашылады, – деді Ерлан Қошанов.

Облыста «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру қорытындысы бойынша оған қатысушылардың орташа айлық табысын 1,5 есе, сүт өнімдерін өндіруді 40,6 пайызға, етті 63,2 пайызға, жылыжай өнімдерін 30 пайызға ұлғайту жоспарланған. Жалпы биыл жоба аясында еліміз бойынша 17 мың адамды қамту көзделіп отыр.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылармен кездесті. Жоба қаржылық сауаттылықты арттырып, қаржыны дұрыс жұмсауға үйретеді. Жобаны өңір тұрғындары жоғары бағалап отыр. Мәжіліс төрағасының айтуынша, қазір елімізде 7,5 млн адамның, яғни халықтың үштен бір бөлігінің банкте қарызы бар. Шамамен 1,5 миллион азамат несиесін 90 немесе одан да көп күнге кешіктіріп төлеуде және банкроттық күй кешуде. Бүгінде бұл мәселе мемлекет деңгейінде көтерілді.

– Ондай адамдар қайда барып, кімнен көмек сұрайтынын да білмейді. Айналып келгенде, барлығы  қаржылық сауатсыздыққа келіп тіреледі. Сондықтан «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алып отыр. Екі айда еліміздің бірқатар өңірінде 20 мыңнан астам адам оқытылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш бүкіл ел бойынша 80 мыңға жеткізіледі. Тренерлер халыққа қаржыны дұрыс игеруді, отбасылық бюджетті жоспарлауды, несиені дұрыс алуды үйретеді,– деді Мәжіліс төрағасы.

Жалпы Палата спикері Президенттің саясаты мен «AMANAT» партиясының жобалары арқасында бүгінде ауылдағы белсенді азаматтар үшін жаңа әрі үлкен мүмкіндіктерге жол ашылғанын атап өтті.

– Партияның жобалары халыққа заң шеңберінде қарыздан құтылуға, қаржылық сауаттылықты үйренуге, өз ісін жүргізу үшін мемлекеттен тиімді несие алуға көмектеседі. Сонымен қатар біраз ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылып жатыр. Олар да халықтың игілігіне беріледі. Ендігі кезекте ең бастысы – белсенділік танытып, осы мүмкіндіктерді пайдалану. Біздің міндетіміз – халыққа балық емес, қармақ беру. Адамдардың өзін-өзі дамытуына мүмкіндіктер жасасақ, сонда жұмыс істеп, өздерін лайықты түрде қамтамасыз ете алады, – деді Мәжіліс төрағасы.

Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылындағы Данияр Қаратаевтың шаруашылығы – осының айқын дәлелі. Ерлан Қошанов бұл шаруашылыққа да ат басын бұрды. Қарызы көп, тұрақты жұмыс орны жоқ ауыл тұрғыны «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша оқып, кейін «Ауыл аманаты» жобасымен 4 млн теңге несие алған. 8 сауын сиыр сатып алып, сүт өндірісін жолға қойып отыр. Қазір Данияр Қаратаевтың тұрақты табысы бар.

Сонымен қатар Мәжіліс спикері Сайрам ауданы Ақсукент ауылындағы 1200 оқушыға арналған «Әл-Фараби» атындағы мектепке барды. Бұл білім ордасын 2022 жылы өңірге белгілі меценат, партия ардагері Низамхан Сулайманов жеке қаражатына салып берді. Меценат өз ауданында осындай 7 мектеп салдырған.

– Түркістанда өткен соңғы Құрылтайда Президентіміз жауапты азаматсыз Әділетті Қазақстанды құру мүмкін емес екенін айтты. Бұл адам ел игілігі жолында адал еңбек етіп, туған жердің дамуы үшін барын салып жүр. Ол өзінің нағыз патриот екенін сөзімен емес, ісімен дәделдеді. Сайрам өңірінің кәсіпкерлері – осы жауапты азаматтың жарқын үлгісі, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Ерлан Қошанов Құтарыс ауылындағы толықтай жеке қаражатқа салынған жаңа спорт кешенінде де болды. Ол партия мүшелеріне бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің осындай үлгілерін республика деңгейінде көбірек насихаттауды тапсырды.

Сондай-ақ өңірде Мәжіліс спикері «Жер аманаты» және «Құқықтық көмек» партиялық жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысып, халықтың ұсыныстарын тыңдады. «Қарызсыз қоғам» жобасының бірқатар қатысушысы «АМАNАТ» партиясының қатарына қосылды. Жаңа мүшелердің айтуынша, олардың келуіне партияның қарапайым халыққа сөзбен емес, нақты іс жүзінде көмектесетіні себеп болған.