Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

СҚО-да еңбек пәнінің мұғалімі ауылына 5 мың ағаш отырғызған

"Қазір еңбек пәнінің шығармашыл адамын табу өте қиын. Әсіресе, ауылда. Ермек Қасымов - өз ісін сүйетін мұғалім..." - дейді мектеп директоры.

СҚО-да еңбек пәнінің мұғалімі ауылына 5 мың ағаш отырғызған
фото: ашық дереккөз

Солтүстік Қазақстан облысында еңбек пәнінің мұғалімі ауылына 5 мың ағаш отырғызды, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.

Ермек Қасымов олардан музыкалық аспаптар да жасайды. Воскресеновкада тұратын шебер қазір ұмыт бола бастаған қолөнер шығармашылығына балаларды баулып жүр. Мектеп ансамблі де оның музыкалық аспаптарымен ойнайды.

Мұғалімдер оны "қолы алтын адам" дейді. Ермек Қасымов жаңа жылдың алдында мектепті безендіріп, сымнан елік жасап шығарды.

"Қазір еңбек пәнінің шығармашыл адамын табу өте қиын. Әсіресе, ауылда. Ермек Қасымов - өз ісін сүйетін мұғалім. Ол білгенін балаларға үйретуден жалыққан емес. Біз онымен мақтанамыз", - дейді мектеп директоры Инна Могунова.

Шебер бұл мектепте еңбек пәнінен 22 жыл сабақ береді. Осы уақытта ол ауыл балаларын халықтық қолөнер шығармашылығына баулып, қабілеттерін ашты. Солардың бірі – Александр Копылов. Ол есту және сөйлеу қабілетінен айырылған адамдарға арналған қолғап ойлап тапты. Оған орнатылған датчиктер әр саусақ қозғалысын оқып, әріптерді көрсетеді.

"Менімен университетте мүлдем естімейтін, сөйлемейтін бір бала оқыды. Ол бізбен сөйлесуде қатты қиналатын. Айтайын дегенімізді қағазға жазып беретін едік. Сондықтан осындай қолғап жасауға бел будым. Бәрі таңқалды. Қолымнан келді", - дейді өнертапқыш.

Еңбек пәні Александрға түбі керек болды. Ол мемлекеттік бағдарламаға қатысып, лазерлі станок сатып алды. Қазір түрлі кәдесыйлар жасап сатады. "Оған Ермек ағайдың да үлесі тиді", - дейді жас жігіт.

Еңбек пәнінің мүғалімі елді табиғатты сүюге де үйретті. Ермек Қасымов соңғы 20 жылда ауыл бойынша 5 мың қарағай, шырша ағаштарын отырғызған. Қазір олар көшелерге көрік беріп, жайқалып тұр.