Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Пандемия салдарынан 4,6 млн қазақстандық табыссыз қалған

ТЖ және карантин кезеңінде жалпы сомасы 25 млрд-тан астам теңгеге 1,1 млн-нан астам адам азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтар сатып алуға төлемдер түрінде қосымша қолдау алды», - деді Біржан Нұрымбетов.

Пандемия салдарынан 4,6 млн қазақстандық табыссыз қалған
фото: aikyn.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов төтенше жағдай кезінде 42 500 теңге өтемақы беру қалай ұйымдастырылғанын еске алды, деп хабарлады inbusiness.kz.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен кірістерінен айырылған адамдарға ең төменгі жалақы (42 500 теңге) мөлшерінде ай сайынғы төлемдерді беру тетігі жедел түрде әзірленіп, іске қосылды. Төтенше жағдай және карантиндік шектеу іс-шаралары кезеңінде барлығы 4,6 млн адам жалпы сомасы 476,1 млрд теңгеге осындай төлемдер алды. Сондай-ақ, ТЖ және карантин кезеңінде жалпы сомасы 25 млрд-тан астам теңгеге 1,1 млн-нан астам адам азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтар сатып алуға төлемдер түрінде қосымша қолдау алды", - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, панедмия кесірінен табыссыз қалғандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін еді. Ең маңыздысы, 1,2 млн адамның белгісіз мерзімге жұмыссыз қалу қаупі төнген. Алайда "Еңбек" және басқа да мемлекеттік бағдарламалар 1,2 млн жұмыс орнын құру және сақтап қалуға мүмкіндік берген. Инфекцияның жасы 65-тен асқан адамдарға қауіпті болғаны белгілі. Үйде қамалған егде буынның шығыны артқаны есімізде. Инфляцияның ауыртпалығын алдыңғы буын мейлінше аз сезінуі үшін зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері екі рет индекстелді.

"Базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылардың өсімі 2019 жылмен салыстырғанда 10%-ды, ынтымақты зейнетақының өсімі 12%-ды құрады. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы және табысы аз отбасыларды әлеуметтік қолдаудың жаңа тәсілдері енгізілді. Бүгінгі таңда 413,4 мың көпбалалы отбасы ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алады. Оның мөлшері отбасының табысына емес, балалардың санына байланысты болып келеді. Табысы аз отбасылардың балалары үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кепілдік берілген әлеуметтік топтама енгізілді. Әлеуметтік көмектің бұл түріне 430 мың балаға алғаш рет 17,5 млрд теңге қарастырылған", - деді министр.

Ведомствоның мәліметіне сенсек, 2020 жылы мәдениет және өнер саласындағы қызметкерлердің айлығы 35%-дан 50%-ға дейін, педагогтардікі 25%-ға, әлеуметтік қызметкерлердікі 15%-дан 60%-ға дейін арттырылған.