Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Әкелер мен Аналар күні мұқтаждықтан туған мереке – Мақсұтбек Айтмағанбет

1 маусым Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен мерекелік күндер тізімі «Аналар  күні» және «Әкелер күнімен» толықты. «Мерекелік күндер күнтізбесін бекіту туралы» қаулыға толықтыру енгізіліп, оған үкімет басшысы Әлихан Смайылов қол қойды, деп хабарлайды Paryz.kz Халық Үніне

Әкелер мен Аналар күні мұқтаждықтан туған мереке – Мақсұтбек Айтмағанбет
фото: Halyq uni

Жалпы, Қазақстанда 1 қаңтар – Жаңа жылдан бастап, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне дейінгі аралықта мемлекеттік және ұлттық дәрежеде аталып өтетін 11 күн бар. Одан бөлек, уақытының өгеруіне қарай мұсылмандардың Айт күндері де осы қатарда. Оған әлемдік және халықаралық дәрежедегі мерекелерді қосып есептегенде, жалпы саны 77 айтулы дата бар.

Қаулыға сәйкес, Аналар күні – мамырдың екінші жексенбісінде, Әкелер күні – маусымның үшінші жексенбісінде аталып өтпек. Бұл күндерді бекіту қаншалықты маңызды болды? Қажеттілік неден туындады? Бұл турасында «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбетпен сұқбаттастық.

ӘКЕЛЕР ТАҚЫРЫБЫ БӨЛЕК ЗЕРТТЕЛМЕГЕН

- Әкелер күнін атап өту қаншалықты маңызды? Ерекшелеп атаулы күн беруге қажеттілік бар ма?

- Біздің одақ әкелермен жұмыс істейді. Қазақстанда әкелер институты біраз дағдарысқа ұшыраған. Сол жағы өкінішті. Әлі қалпына келе алмай жатыр. Соны соңғы жылдары көп айтатын болдық.

Бұрын ата-аналар дейтін болсақ, оның ішіне әкелер де, аналар да кіріп кететін. Енді сөздің шыны керек, әйелдерге Ана деп құрмет көрсететін болсақ, әкелер сол бір атауымен қалады. Қазіргі жағдайда әкелердің балаларымен жұмыс істеуі, олардың тәрбиесіне атсалысуы өте сирек.

Мәселен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қарамағында Қазақстанның әлеуметтік зерттеулер институты бар. Біз айтып отырған олқылықты солардың соңғы жылдардағы зерттеулері көрсетіп жатыр. Оған біз де қатыстық, көрдік.

«Отбасы – 2022» деген үлкен баяндама бар. Сол құжат президентке барады. Биыл сол баяндамаға әкелер туралы бөлек бір параграф қосылды. Өйткені, отбасы туралы жалпы мәлімет беріліп жүргенімен, әкелерді арнайы ешкім зерттемеген.

Балаларын тастап кеткен әкелер бар. Оның ішінде ресми түрде ажырасқандарынан бөлек, құжат жүзінде әлі ажыраспағандары және бар. Олардың да саны әжептәуір. Сосын, балаларын тастап кеткенімен, алиментін төлемей жүргендері бар. Оның көлемі шамамен 13 млрд теңгеге жуықтайды. Сайып келгенде, мемлекет үшін балалардың құқығын қорғау проблемасы туындайды. Өйткені, тұрмыс ауыртпалығы анасының мойнына артылғандықтан, олар уақытылы тамақ іше алмай, не киімге жарымай, демалыс, қыдыру дегенді де ұмытады. Бұл енді әкелер тарапынан туған олқылық.

Бір жағынан бұл тез шешілетін, тез қалпына келе қоятын жағдай емес. Енді қайтпек керек дегенге келсек. Әлем бойынша «Әкелер күні» деген дата бар екен. Ол неден шыққан? Әрине, проблема болғаннан кейін шығып отыр.

ӘКЕЛЕР МЕН АНАЛАР КҮНІ – ХАЛЫҚҚА, МЕМЛЕКЕТКЕ ЖАСАЛҒАН МЕССЕДЖ

- Бұл атаулы күн жай ғана біреудің көшірмесі, еліктеу емес пе? Мәселен, алғыс айту күні пайда болды. Ол өзге елдерде бұрыннан бар мереке. АҚШ-ты алатын болса, ол елде алғыс айту күнінің өзіндік терең тарихы бар...

- Еліктеу деген не? Ол біреу сияқты болу дегенге келуі мүмкін. Оның өзінде, жақсы нәрсе болса, неге еліктемеске?! Қазақта «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» демей ме?! Ол бізге керек нәрсе болса, демек оны үйреніп, тәжірибеде қолдану керек.

Дегенмен, оны еліктеу деп айту қиын. Одан гөрі мұқтаждық деген дұрысырақ. Өйткені, олардың дәрежесін көтеру үшін, олардың отбасы, баласы алдындағы жауапкерлішігіне ойландыру үшін осы күнді бекітуді ұсындық. Әрине, Анаға да, Әкеге де бір күн жетпейді. Жыл бойы сыйлап өтсек те болады. Дегенмен, осы арнайы күнді белгілеуді халыққа, мемлекетке жасалған месседж ретінде қарастырақ болады. Бәлкім, осы күні шаңырағын тастап кеткен әкелер баласын еске түсіріп, телефон шалар... Ренжісіп қалған әкесі мен баласы осы күнді пайдаланып, бір мәмілеге келетін шығар... Автоматты түрде үйлене салған жастар үшін де Әке бола білу керек деген санасына түрткі болар...

Бұл дәстүр енді батыс мемлекеттерінде де, шығыс мемлекеттерінде де бар. Тіпті, солардың ішінде мұсылман мемлекеттерінде де көп.

Сосын, неге осы маусым айының үшінші жексенбісіне белгіленді деп сұрақ қойылып жатыр. Ол енді АҚШ-тан шыққан дәстүр. Оның тарихына үңілсек, жалғызбасты әке алты баласын тәрбиелеп өсірген. Сол кісіге рахмет деген ниетпен қызы осы атаулы күнді ұсынып, бекітілген.

Енді ол әр мемлекетте әр күні аталып өтеді. Бірақ, шамамен сол елдердің 70%-ында маусым айының үшінші жексенбісі, БҰҰ-да да осы күн бекітілген. Сондықтан біз де жұрттан қалмай, көпшілікпен бірге атап  өтуіміз керек деген тоқтамға келдік.

- Айтулы күндер онсыз да көп. Көптің ішінде Әке мен Анаға бір-бірден ғана күн арнап, қадірін кетіріп алмаймыз ба?

- Әке бола алмай жүргендер, отбасымен, баласымен тіл табыса алмай жүргендер бар. Тіпті сол қайтыс болған әкелер үшін де еске алуға арналып, осы айтылғанның бәріне аз да болса түрткі болсын деген ниет.

Әлбетте, жұрт не істеп жатыр, біз де қалмауымыз керек деген сөз емес. Мысалы «Әкелер одағында» бір ұсыныс болды. Бізде «Әке» дегенде үйдегі әкелеріміз, аталарымыз, бабаларымыз еске түседі. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді халқымыз. Сол үшін осы күні мешіттерде құран бағыштап, еске түсіріп, осындай ғұрып қалыптастырсақ па деген де нұсқа ұсынылды. Сол күні әкелерімен үйде бірге болса, телеарналардан әке туралы айтылса, бір-біріне сыйлық берсе дейтіндер де бар. Енді бұл жаңа мереке болғаннан кейін оның дәстүрін қалыптастыратын халықтың өзі.

Қарап отырсаңыз, 70 жыл Кеңес Одағының кезінде атаулы күннің бәрі жоғарыдан келетін. Мемлекет айтты – бітті! Ал бұл қоғамдық бірлестік атынан айтылған халықтың өзі ұсынған мереке. Осындай мерекенің пайда болғанына халықтың қуанғаны былай тұрсын, ол туралы Өзбекстан, Түркменстан, тіпті Түркияның ақпарат құралдары жазып жатыр екен.

- Демек, бұл жоғарыда айтылған заман ағымынан туған түрлі мәселеге назар аударту үдесінен туған мереке ғой?..

- Иә. Оған тағы мына мәселені қоса кеткім келеді. Біздің қазақы, мұсылмандық отбасылық құндылықтарымыз бар. Қазір соған қарсы қаншама идеология жүріп жатыр. Мысалы, уахабизм, салафизм, одан қалды халықты бүлдіріп жатқан ЛГБТ келіп болды. Олар да өз күнін белгілеп алып, насихатын жүргізіп жатыр. Сондықтан біз өз құндылықтарымыз бар деп томағай отыра бергеніміз дұрыс емес. Сосын олармен алыса бергенше, одан да біз нені құрметтейміз, нені дәріптейміз – соны көтерейік.