«Боранбаев тартып алды»: Қызылорда облысында кәсіпкер құны 30 миллион доллар тұратын зауытын қайтара алмай жүр

Қызылорда облысында кәсіпкер 7 жыл салған зауытын қайтара алмай жүр. Ділдахан Ахметовтың сөзінше, оның вагон жуатын және қалдықтардан өнім шығаратын бірнеше компаниясын Талғат Борабаев тартып алған. Қармақшы ауданындағы зауытты салу үшін кәсіпкер банктен 15 миллион доллар несие де алған, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

«Боранбаев тартып алды»: Қызылорда облысында кәсіпкер құны 30 миллион доллар тұратын зауытын қайтара алмай жүр
коллаж: Azattyq Ruhy

Зауыттың тасы өрге домалап, банк алдындағы берешегі де азайған кезде, оған Боранбаевтар әулетінің көзі түскен. Тіптен зауыттың банкте кепілде тұрғаны да Боранбаевтарға кедергі келтіре алмаған. Қызылордалық бір топ адам өздерінің әлі күнге зауытты қайта алмай жүргендерін айтып, белгілі заңгер Айгүл Орынбекке шағымданды. 

«Қызылорда өңіріне 2001 жылдары жұмысқа келдім. Ол кезде «Харрикейн-Құмкөл» деген канадалық компания мені жұмысқа қабылдады. 2002-2003 жылдары Қармақшы ауданында «Харрикейн-Құмкөл» компаниясы осы жерде 100 мың тонналық терминал салды. Терминал арқылы америкалық инвесторлар осы жерден Еуропаға мұнай тасымалдады. Қармақшы ауданы орталығында салған біздің станциямыз осы терминалмен тығыз жұмыс істеген. Вагондарды санитарлық және техникалық жөндеуден өткізетін станция болып салынған», - деді кәсіпкер Ділдәхан Ахметов. 

Айтуынша, оның бес компаниясы болған. Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінде салынған станцияның жұмысы да жылдам жүрген. Зауыттың аты әйгілі бола бастағанда белгісіз кедергілер де көлдеңнен кезіге берген. 

«2007 жылы алғашқы вагон келді. Оларды тазалықтан өткіземіз. 2009 жылы осы зауытта қосымша мұнай қалдықтарын тазарту қондырғысы іске қосылды. Сонымен қатар мұнайды өңдеп, бензин, солярка, керосин шығаратын шағын зауыт ашылды. Сонымен жағдайымыз өте жақсы болды. Табыс көп болды», - дейді Қармақшы ауданының тұрғыны Есет Камалдинұлы.

ЗАУЫТТЫҢ 50 ПАЙЫЗ АКЦИЯСЫН АТТАРЫНА АУДАРЫП БЕРУДІ ТАЛАП ЕТТІ

Қармақшыдағы зауыт толықтай іске қосылып, табыс түсімі тоқтамастан арта берген. Бірақ ойламаған жерден зауыттың елу пайыз акциясын аттарына аударып беруді талап еткен алғашқы топ шыға келген. 

«Қазақстан темір жолы филиалының Қызылорда облысындағы бастығы Ермек Ерманов деген азамат болған. Сол мені кабинетіне шақырды. «Ертең президенттің күйеу баласы Данияр Хасенов келеді. Ол кісі сізбен жолыққысы келіп отыр»,- деді. Содан кейін КТЖ филиалының офисінде Ерманов, бұрынғы президенттің күйеу баласы Данияр Хасенов және мен отырып шәй іштік. Хасенов вагон жуатын станцияның кімдікі, құрылтайшысы кім екенін, табысын, бәрін менен сұрады. Жұмыс істегің келсе 50 пайызын өзінің атына жазуды тапсырды. Мен зауыттың банкте кепілде тұрған дүние екенін, әлі төленбеген миллиондаған қарыздары бар екенін айттым. «Ол мені қызықтырмайды, жұмыс істеймін десең, проблема болмасын десең, ертең мен бір азаматты жіберем, 50 пайыз акциясын атыма жазып бер» деді. Мен жазып бере алмайтынымды, оның заңсыз екенін, банкпен жасасқан келісімім бойынша, банктегі қарызымды жауып бітпей, мен өзімнің акциямды ешкімге жазып бере алмайтынымды түсіндірдім. «Онда бара бер. Саған үлкен проблема болады» деді. Оның айтқаны расқа айналды», -дейді кәсіпкер. 

Арада аз уақыт өткенде зауытын бермеген кәсіпкердің үстінен қылмыстық істер ашыла берген. Заңсыз «мұнай сатты» деген желеумен тергеуге алынған. Жеті жыл тыным таппай салған кәсіпорнын бірнеше жыл ғана жұмыс істеген соң, Қайрат Боранбаевтың інісі Талғат Боранбаевтың меншігіне өтіп кеткен.

«Ол жобаны Президенттің алдында кнопкасын басып тұрып, аштық. Тіпті одан өнім шығардық. Вагонды жуған қалдықтың 50 пайызынан таза өнім алдық. Барлық жерге атымыз шықты. Бізде көралмаушылық көп болады. Мен оларға хабарлассам «вагондарды құжат жүзінде сізге жібердік деп жазамыз, бірақ басқа жаққа жібереміз»,- дейді. Ділдәхан екеуміз ары жүгірдік, бері жүгірдік. Ақырында КТЖ-ның басшыларына бардық. Сол жақта Махамбетов Мұқтар деген жүк тиеу бөлімі басшысының орынбасары бізді Талғат Боранбаевпен таныстырды»,  - деді кәсіпкердің серіктесі Мадиқара Досанов. 

«ҚТЖ бастықтары ақыл айтты. «Сіз біреуге бағынбасаңыз, зауытыңыз жұмыс істемейді. Сол үшін сізді бір адаммен таныстырайық» деді. Астанада Талғат Боранбаевпен таныстырды. Сол барлық мәселемізді шешетін болды. Вагон да келетін болды. Аресті де жасамайтын болды. Бірақ оның қойған талабы бойынша, мен Борабаевқа тазаланған мұнайдың 50 пайызын беріп отыруым керек. Оған да көндім. 2011 жылы өзінің қызметкерлерін алып келді. Олар бір ай тексерді. Зауыттың қалай жұмыс істейтінін, қанша табыс табатынын, бәрін көрді. Бір айдан кейін «Бізге сатыңыз», - деп қолқа салды. «Жарайды, өзім де шаршадым, бір жағынан іс қозғалып жатыр, екінші жағынан ҚТЖ вагон бермейді. Сіздердің барлық мүмкіндіктеріңіз бар, сіздерге ешкім тиіспейді. Сатсам сатайын. Зауыттың құны - 20 миллион доллар тұрады. Өз бағасын шығарайық. Мен өз жұмысыма, Құмкөлге кетейін», - дедім. Бірақ олар оған көнбеді. «Жоқ, қалған 4-5 миллион доллар несиең бар. Сол несиені біз өзімізге рәсімдеп аламыз. Сонымен кетесің» деді Талғат Боранбаев. Ақыры осылай зауытты өздеріне рәсімдеп алды», - деді кәсіпкер Ділдәхан Ахметов.

30 ГЕКТАРҒА ЖУЫҚ АУМАҚТА ОРНАЛАСҚАН АЛЫП ЗАУЫТ ҚАҢЫРАП БОС ТҰР

Көп ұзамай кәсіпкерді банк қызметкерлері шақырып, кәсіпорынды дефолтқа жіберетіндерін айтқан. Екі жүз жұмысшысы бар зауыт талас-тартысқа толы даудан кейін жұмысын тоқтатқан. Отыз гектарға жуық аумақта орналасқан алып зауыттың қаңырап бос тұрғанына биыл он жыл.

«2007 жылы 1-этапты бітірдік. «Казкомерцбанк» біздің басты серіктесіміз болды. Банктен 15 миллион доллар несие алдық. Одан бөлек компаниямыздың жылдық табысы, түсімі тағы бар. Соның бәрін  компанияны үлкейтуге жұмсадық. Өзімнің есебім бойынша, осы зауыт 25 миллион долларға салынды. Кейін маған банк  «Соларға бер. Сен 4-5 айдан бері төлемді кешіктіріп жатырсың. Сені дефолтқа ұшыратамыз, қарызын төлемейтін адам деп. Өзіміз қолдан алып бере саламыз оларға. Сен ешнәрсе істей алмайсың. Үйің де, астыңдағы көлігің де, бүкіл ЖШС мен Құмкөлдегі машиналарың кепілде біздің банкте тұр. Зауытта біздің банкте кепілде тұр. Керек болса, соның бәрін алып аламыз» - деді. Ақыры зауыт Боранбаевтардың қармағына өтіп кетті», - дейді кәсіпкер.   

«Содан бері 10 жыл уақыт өтті. Қаңырап тұр. Гүлденіп тұрған кәсіпорынның жұмысын тоқтатқан жоғары жақтың адамдарының іс-әрекеті дұрыс емес. Талғат Боранбаевты баспасөзден көріп жүрміз ғой. Ол ең жақсы жүріп жатқан өндіріс орнына, кәсіпке көзі түссе, алмай қоймайды дейтінді еститінбіз. Соның бірі біздің Қармақшы ауданы, айналдырған 56 мың халқы бар жерде орналасқан шағын зауытқа көзі түскеніне таңғалам. Оларды халыққа қызмет етеді дегенге сенбеймін, тек өз қалталарын ойлайтын азаматтар ғой», - дейді Қармақшы ауданының тұрғыны Алыпбек Байбарақов.

Кәсіпкер өзімен бірге жұмыс істеген бір топ адаммен бірге Президенттен көмек сұрап отыр. Олар ескі Қазақстанның тұсындағы бопсалаудың қазір тоқтағанына сенімді. Кезінде бопсалаудың құрбаны болу арқылы айрылып қалған зауыттары кері қайтады деп үміттенеді. Қармашлылық тұрғындар сыртқа, шетелге шыққан ақшаны ғана қайтарып қоймай, іштегі, кландардың қолына өтіп кеткен акцияларды, ірі кәсіпорындарды, жапа шеккен кәсіпкерлердің де құқығын қорғау керек деп санайды. Кәсіпкер, мүмкіндік туса жерлестеріне тағы да зауыт салып,  жүздеген жұмыс орындарын ашып, ауылдың халқының әл-ауқатын көтеруге көмек тигізетінін айтады. Олардың ендігі бар үміті – Президентте.

КОММЕРЦИЯЛЫҚ БАҒАСЫ 50-60 МИЛЛИОН ДОЛЛАР ТҰРАТЫН КӘСІПОРЫНДЫ 50 МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ҚОЛ ҚОЙДЫРЫП АЛДЫ

«Менің отбасыма, өзіме тиесілі қаражаттарымды, салған зауыттарымды сол кезде қандай болса, сондай жағдайда қайтаруын, болмаса сол ақшасын қайтаруын Талғат Боранбаевтан талап етемін. Маған қысым көрсеткен кландар ақылдасып, компанияны жан-жақты, банктегі менің ақша айналымымды да тексеріп, банктегі 10 жылдық ақша айналымын менің рұқсатымсыз шығарып алған. Табыс тауып отырған кәсіпорынды көргеннен кейін, менің артымнан тіреп тұрған билік адамдарының болмағанын біліп, бұлар маған қысым көрсетті. Өнімдерімнің бәрін бұғаттады, ұрлық жасадың деп үстімнен іс қозғады. Мен сол кезде сотталып кетуге шақ тұрдым. Сол кезде Талғат Боранбаев Алматыға шақырды. Офисіне барсам, бүкіл Боранбаевтар әулеті жиналып отыр екен. Қайрат, Талғат, Марат Боранбаевтар. Маған олар «Ділдәхан біз сенің жағдайыңды жақсы білеміз. Сенің аз ғана несиең қалған екен. Егер аман кетем десең, осы қалған несиені біз атымызға аударып аламыз. Сен кете бер. Айтқанымызға көнбесең не болатынын білесің»,деді. Менде амал қалмады. Үйге келіп ойландым. Сонша жылғы еңбегім, өмір бойы жинап, тапқан дүнием, іске асырам деп жүрген жобаларым, мемлекет үшін, халық үшін деп жасаған дүнием, жүздеген адам жұмыс істеп жатқан кәсіпорын бір күнде жоқ болды. Сол кездегі коммерциялық бағасы 50-60 миллион доллар тұратын 50 гектар жерге салынған кәсіпорынды 50 миллион теңгеге қол қойдырып алды. Қолымда барлық құжат бар. Талғат Боранбаевтың атына, жеке құрылтайшы компаниясының атына 50 миллион теңгеге қол қойып, тастап кеттім. Өйткені отбасым үшін қорықтым. Ұл-қызым бар өсіріп жатқан», -дейді кәсіпкер Ділдәхан Ахметов.

Бұған дейін кәсіпкерлер бірнеше жерге арызданғанмен, олардың шағымы сол қалпы қаралмаған. Аталған даулы іспен енді белгілі заңгер Айгүл Орынбек айналыспақ.

«Бұндай адамдардың Forbes тізіміне қалай кіргені белгілі. Зауыттарды заңсыз тартып алып, оны не жүргізе алмай, құлатып, ақшаларын алып, тастап кетіп отырған. Егер осы зауыттар жұмыс істеп тұрғанда мемлекетімізге көп пайдасы тиер еді. Өзімізден өнім шығар еді. Бізде өнім шығаратын зауыттар жоқ деп алдап келді. Шындығында бізде өнім шығаратын зауыттар бар. Тек олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеген. Менің оған көзім әбден жетті. Президентіміз Бас прокурор мен Актикорға тапсырма берді. Активтерді тергеп-тексеріп, өз иелеріне қайтару керек. Бәрі заңды түрде болу керек. Осы зауыт бойынша ары қарай әділдік іздеп, арызданамыз», - деді заңгер.