Даниал Ахметовпен кездесуге барған журналист Ниязовқа «титушкалар» тап берді

Шығыс Қазақстанның Риддер қаласында «ерекше» оқиға болды. Бірнеше күн бұрын YouTube желісіндегі «Обожаю» арнасының журналисі Асхат Ниязов Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовпен Риддерде сұхбаттасуға келісіп жатқан видеосы тараған еді. Әкім журналиске «только не убегай» деп ескерткен. Алайда Риддерде Ниязовты әкім емес, шу шығарған екі-үш әйел күтіп алған, деп хабарлайды Paryz.kz Qaz365-ке сілтеме жасап. 

Даниал Ахметовпен кездесуге барған журналист Ниязовқа «титушкалар» тап берді
Фото: Qaz365.kz

Жалпы Асхат Ниязовтың «Обожаю» арнасында әкімдермен сұхбат жарияланады. Журналист әр өңірдің әкімімен сұхбат өрбітіп, онысы әлеуметтік желіде қызу талқыланады. Қанша әкіммен сұхбаттасса да, Ниязовтың Ахметовке «қолы жетпей-ақ қойды». Астанадағы жеңіл атлетика сарайында әкімді бірнеше сағат күткен Ниязовтың арнайы ролигі де ел ішінде қызу талқыланған. Ол жолы Ахметов ұстатпай кеткен болатын.

Алайда осыдан бірнеше күн бұрын Асхат Ниязовпен Даниал Ахметовтың кездескен видеосы тарады. Әкім журналисті Риддерге шақырып, кетерінде «только не убегай» деп ескертіп кеткен.  

Уағдаласқан күні Асхат Ниязов Риддерге барған кезде оны екі-үш әйел күтіп алып, айқай шыққан. Әлгі әйелдер «қаланың көрікті жерін неге көрсетпейсің» деп журналиске шүйлігеді. Видеолардың бәрін Асхат кейін инстаграмдағы сторизінде жариялады.

Әлгі әйелдер журналистің артынан қалмай, «сіз өз сұхбатыңызды сырт көзбен қарап көрдіңіз бе!?» деп айқайлайды.

«Маған провокаторлар келді. Бұл – Даниал Ахметовтың сүйікті фишкасы», - деп жазды кейін Асхат сторизінде.

Осы видеолардан кейін Асхат Ниязовпен бірге Риддерге барған журналист Александра Осипова шу шығарған әйелдердің Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Денис Рыпаковпен (Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың күйеуі) сөйлесіп, әңгімелесіп тұрған видеосын жариялады. Рыпаковтың сөзінен кейін әлгі әйелдер зып беріп, бір жаққа жүгіре жөнеледі.

Осылайша, Ниязовқа тап берген әйелдердің әрекетін «Рыпаковтың Ахметовты қорғау үшін ұйымдастырған операциясы» деп күліп жатыр. Әлеуметтік желіде бұл оқиға әжуаға айналған. «Испанский стыд» деп бірі күлсе, екіншісі «мұндай адамдар облысты қалай басқарып отыр» деп таңғалады. «Титушкалар екен ғой» деп жазып жатқандар да бар.