Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Маңғыстау облысындағы ауыл мектебін екі-ақ түлек бітірді

Биыл Маңғыстау облысы Сарға ауылындағы Бейнеу мектеп-интернатын екі-ақ түлек бітірді, деп хабарлайды Paryz.kz mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

Маңғыстау облысындағы ауыл мектебін екі-ақ түлек бітірді
Фото: mangystaumedia.kz

Ақпараттық порталдың жазуынша, осы оқу жылында Маңғыстау облысында 7439 оқушы мектеп бітірген. Соның екеуі Сарға ауылындағы Бейнеу мектеп-интернатының оқушылары.

Порталдың мәліметінше, Сарға ауылында негізінен екі мектеп бар. Оның бірі – Ә.Жангелдин атындағы білім ордасы. Мектепте 350-ден астам оқушы білім алады. Ал екіншісі – Бейнеу мектеп-интернаты, мұнда оқушы саны – 104. Оның 50-і интернатта жатып оқиды. Оқушыларға 29 мұғалім сабақ береді.

Мектеп директорының айтуынша, оқушылардың көбі жақын маңдағы ауылдар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары. Сондай-ақ мектеп директоры оқушылардың дені 9-сыныптан кейін колледжге түсіп кететінін, сондықтан биыл екеуі ғана мектеп бітіріп жатқанын атап өтті.

"Биыл Сарға ауылындағы Бейнеу мектеп-интернатынан екі түлек бітірді. Былтыр осы сыныпта көрші ауылдан екі ер бала келіп оқыған еді. Алайда 11-сыныпқа көшетін уақытта олар кетіп қалды. Себебі дене тәрбиесі секілді сабақтар ер балалар үшін қызықсыз болды", – дейді мектеп директоры Айса Сағындықов. Мектеп басшысының айтуынша, бір сыныпта екі оқушының ғана болуы өте қиын, өйткені, білім алуда мүлдем бәсеке болмайды.

"Оқушы аз болған жерде өзара жарысып оқу деген болмайды. Егер сыныпта 15-20 оқушы болса, сабақ қызықты бола түсетіні сөзсіз. Ал екі оқушы болғаннан кейін оларды ынталандырып, қызықтыру мұғалімге оңай емес. Біздің биылғы түлектердің екеуі де қыз балалар. Алда өздері қалаған оқу орнына түсеміз деп отыр", – дейді Айса Сағындықов.