Айтыскер ақын Иранғайып Күзембаев танымал сатирик Көпен Әмірбектің қазасын Жүрсін Ерманның қалай қабылдағанын айтты, деп хабарлайды Paryz.kz "Ел арна" телеарнасына сілтеме жасап.
"Көпен ағамыз... Ол ескі досы ғой. Әлеуметтік желіде Көпен қайтыс болды деп, бәрі шулап жатыр. Не де болса, ағамызға естіртпеуге тырыстық. Өзі қиналып жатқан адам. Тез жүрекке қабылдайды. Сыртқа шығып, аулада жүргенбіз. Бір кісі келіп қалды да: "О замандас, денсаулығың жақсы ма? Кешегі Көпен...", - дей бергенде артта тұрған мен басымды шайқадым. "Көпеннің де бүгін жамбасы жерге тиетін күн ғой", - деді.
Әлі көз алдымнан кетпейді. Көзінен жасы моншақтап, жылап отырды да: "Көпеннің бір өзі бір әлем еді ғой. "Көпен келе жатыр" дегеннің өзі қандай еді?! Сөйткен Көпен де кетті ме? Өткенде ғана Ақтөбеде көргенімде қапсыра құшақтап: "Келші досым, соңғы рет қоштасайықшы", - деген. Білген екен ғой... Ол туралы көп нәрсе жазуға болады", - деді. Құдай бұйырса, өзі де жазады", - деді Күзембаев.