Белгілі имам, дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы өзінің желідегі парақшасында оқырмандардардың сұрағына жауап беріп, ер-азаматтар қауымын әйеліне жәрдем беруге, оған жақсылық жасауға шақырды, деп хабарлайды paryz.kz nur.kz-ке сілтеме жасап.
Нұрлан имам Instagram парақшасындағы тікелей эфирде бір оқырманның "әйелім үй шаруасынан, қызметтен шаршадым. Күнде бір нәрсе болып кетті деп айтады" деген сауалына әйелдерді қорғай жауап берді.
"Дұрыс айтады, шаршайды ғой, адам ғой ол. Үнемі жер қаза берсе, үнемі бау-бақшада істей берсе, қайта-қайта саған тамақ жасай берсе, сенің алдыңа қояды, сен жейсің, ол қайта пісіреді, баланы мектепке апарады, мектептен күтіп алады. Адам робот емес қой, роботтың өзінің майы кетіп, подшипнигі (мойынтірегі - ред.) "сынып қалады.
Ол да адам ғой, анда-санда алып шық оны (әйеліңді - ред.), қыдырт, жақсы сөз айт, жүр қыдырып келейік деп дүкенге алып барып, бірдеңе алып бер үстіне, жүзік, бижутерия алып бер. Шамаң келіп, бай болып жатсаң бренд сөмке алып бер, қазір хит болып жатыр, витаминдер бар, соларды алып бер, әйтеуір не керек кішкене жақсылық жаса.
Одан бай болсаң, анау қымбат шаш бұйралағышты алып бер, кішкене шашын ретке келтіріп жүрсін ол байғұс сенің алдында. Анда-санда сен де оған тамағына жәрдем бер, кел бүгін мен істейін деп, сәбізін турап бер, пайғамбарымыз (с.а.с) су тасып беретін. Артық емес шығарсың пайғамбардан", – деп жауап берді Нұрлан Байжігітұлы.