Жетісу облысында бірнеше жаңа Tesla тиеген жүк көлігі аударылып қалды (ВИДЕО)

Жетісу облысында жап-жаңа Tesla көліктерін тасымалдаған көлік аударылып қалды, деп хабарлайды Paryz.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Жетісу облысында бірнеше жаңа Tesla тиеген жүк көлігі аударылып қалды (ВИДЕО)
Фото: pixabay.com

Оқиға Қонаев пен Талдықорған арасындағы Арқарлы асуында болған. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Кадрда бірнеше көліктің зақымданғанын көруге болады. Видео авторы автотасымалдаушы көлік дәл жол ортасында аударылып қалғанын айтады.

Tengrinews.kz тілшісі осы оқиғаға байланысты пікір алу үшін құқық қорғау органдарына жүгінді. Ақпаратты облыстық полиция департаменті растады.

"21 мамырда Алматы-Өскемен тасжолының 143-ші шақырымында, атап айтқанда Арқарлы асуында Scania көлігінің қатысуымен жол апаты болды. 39 жастағы ауыр жүк көлігінің жүргізушісі жеті Tesla көлігін тасымалдап келе жатқан.

Жол апатынан ешкім зардап шеккен жоқ. Көліктердің қозғалысы жұмыс режимінде жалғасып жатыр, жол жабылған жоқ", - деп хабарлады Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.