Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

«Көпбалалы отбасыларға үй берілмеген»: Алматы облысының әкімі аудан басшыларын сынға алды

Алматы облысының әкімі өңірлерді аралап, тұрғындардың пікірін тыңдап жүр. Марат Сұлтанғазиев халықпен кездесу барысында Талғар аудандық әкімдігін сынға алды, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ryhy-на сілтеме жасап.

«Көпбалалы отбасыларға үй берілмеген»: Алматы облысының әкімі аудан басшыларын сынға алды
фото: tengrinews.kz

Ауданда былтыр бірде бір көпбалалы жанұяға баспана берілмеген. Әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларын баспанамен қамту туралы жоспар биыл да жоқ болып шықты. Облыс әкімі Талғар ауданында тұрғын үй құрылысын ұлғайтуды тапсырды. Оның сөзінше, негізгі міндеттердің бірі – халықты баспанамен қамту.

«Өткен жылы ауданда әлеуметтік осал және көпбалалы отбасыларға тұрғын үй берілмеді, биыл да жоспарда жоқ», – деді халықтың мәселесін көтерген облыс әкімі.

Марат Сұлтанғазиевтің сөзінше, биылғы жылдың соңында Талғар қаласында 216 пәтерге арналған 3 кредиттік үй қолданысқа беріледі. Аймақ басшысының сөзінше, ауданда 9 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр.

«Бұл мәселеге ерекше назар аудару керек, өйткені халықтың тұрғын үй ұсыныс санынан асып кетуі аудан тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатына әсер етуі мүмкін», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Аталған мәселелерге байланысты өңір басшысы аудан әкіміне тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтуды және жеке тұрғын үй құрылысына қажетті инженерлік инфрақұрылымы бар дайын алаңдарды қамтамасыз етуді тапсырды. Жалпы Талғар ауданы инвестиция тарту бойынша облыста 3-орында тұр.

«Инвестиция тарту бойынша аудан 15,3% үлесімен үшінші орында. Бірінші тоқсанда аудан экономикасына тартылған инвестициялар да өсімді көрсетіп, 14,4 млрд теңгеге жетті», – деді аймақ басшысы.

Марат Сұлтанғазиевтің сөзінше, ауданның инвестициялық қоржынында 482 млрд теңгеге 23 жоба бар.

Олардың ірілері:

«Oi-Qaragai» курортын дамыту және кеңейту (252,2 млрд. теңге, 1200 жұмыс орын);
«ВанКан Холдинг Групп» керамикалық плиткалар шығаратын зауыт салу (95 млрд. теңге, 1000 жұмыс орын);
қуаттылығы жылына 1,4 млн тонна «ТехноНИКОЛЬ – Орталық Азия» энергия үнемдейтін жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт салу (43,9 млрд.теңге, 1000 жұмыс орын).
«Биыл 686 жұмыс орнын құрумен 72,3 млрд. теңгеге 11 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бірақ, біз үшін қайта өңдеу кәсіпорындарын одан әрі дамыту өте маңызды», – деді Марат Сұлтанғазиев.