Алматыдағы №133 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы сынып жетекшісінің балаларды балағаттап, оларға қол көтеретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz Халық үніне сілтеме жасап.
Оқушының дәл мектебінің алдында сөйлеп тұрған видеосы әлеуметтік желіде тарады.
Осы 133-мектепте оқимын. 1-сыныптан бері келе жатырмын. 5-сыныптан бастап Нүсіпжанова Нұргүлдің сыныбына түстім. Нүсіпжанова Нұргүл апай өте қатыгез болды. Әр сабақ бойы балағаттау, айғай болады. Мені кейінгі уақытта өте қатты жұлқылап, қабырғаға итерді. Әр жолы балаларды ұрады. Тыныш отырған балаларға айғайлайды, боқтайды, балағат, неше түрлі сөздерді айтады.
Ата-анама оны барып айтқанда, олар қолдан келген іс-шараны қолданды, бірақ жоғары жақта отырған директор және орынбасарлары мән берген жоқ. «Кешірім бере салыңыздар» деген әңгімелер болып жатыр. Біздің жанайқайымызды ешкім тыңдап тұрған жоқ бұл жерде. Ата-анамыз заң бойынша жүгіріп жүр. Менің сонда құқығым жоқ па?! Кәмелет жасына толмағанмын. Мені не үшін жұлқылайды? Кеше түнімен ауруханада болдым. Қолым өте қатты ауырды. Қолымды рентгенге түсірдім, бәрі бар», - дейді ол.
Оқушының айтуынша, сонда да тиісті іс-шаралар қолданылмаған, мектеп әкімшілігі сынып жетекшісін қорғап жатқан көрінеді.
Онікі дұрыс болып тұрған жоқ. Тақтаға шығарып қойып балаларға айғайлайды. Неше түрлі әңгімесін айтады. «Сендерге, ата-аналарыңа қарағанда, мен жеңемін. Бәрібір ештеңе істей алмайды. Қолдарынан түк келмейді» деген де әңгімесі болды арасында. Сынып жетекшімнен өте қатты зәбір көрдім. «Ақымақ», «тупой» деген де әңгімелер айтылған болатын. Ұлдарға «қатын», «голубой» деген сөздер айтылады...
Менің сыңарымды да ұрған. Мен мұны ата-анама айттым. Директорға кірдік, кешелі бері біз жүгіріп жатырмыз, бірақ директор бізге мән бермейді. Олар «Кешірім бере салыңыздар, не болды сонша?» деген әңгімелерді айтып жатыр», - дейді оқушы.
Айтуынша, сынып жетекшісі оған «Сені кім қорғайды?», «Сен кімге керексің?» дейтін көрінеді. Сондықтан оқушы мен ата-анасы оған кешірім бермеуге бел буған.
№133 мектеп-гимназиясы 9-сынып оқушысының әлеуметтік желіде жариялаған бұл видеосына қатысты Алматы қаласының білім басқармасы түсінік берді. Ведомствоның хабарлауынша, мұғалім сынып жетекшісі қызметін атқарудан уақытша шеттетілген.
«Сондай-ақ 16 мамырда бұл мәселені Әуезов ауданы әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қарау жоспарланып отыр. Бұл мәселе Алматы қаласы білім басқармасының бақылауында», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.