Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

«Мені тауар секілді сатып жіберген»: Құлдықта болған әйел жанайқайын жеткізді

Елімізде жыл сайын адам саудасына қатысты 100-деген дерек тіркеледі. Ер адамдарды ауыр жұмысқа жегіп, құл етса, қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Полиция қызметкерлері төрт айдың ішінде 64 қылмыстық іс қозғаған, - деп хабарлайды Paryz.kz "Астана" телеарнасына сілтеме жасап. 

«Мені тауар секілді сатып жіберген»: Құлдықта болған әйел жанайқайын жеткізді
Фото: astana.tv

Құлдықтың құрбанына айналғандардың бірі - Айжан. Ол құрбысының танысы қыруар қаржы табуға болады деген сөзіне сенген. Айжан ұшаққа билет алып Бахрейнге барған, алайда бейтаныс жерге жеткенде өзінің 5 мың долларға сатылғанын білген. 

"Мен бірден сеніп қалдым. Мені тауар секілді сатып жіберген болып тұр ғой. Жезөкше болып жұмыс істеуден бас тартсақ, ыстық сумен күйдіретін, электршокерді пайдаланатын, мұздай бассейінге лақтырып жіберетін. Жақындарым уайымдамасын деп кафеде жұмыс істеймін деп алдадым. Ал елге келгесін бәрін полицияға айттым. Мені сатып жібергендер түгел ұсталды", - дейді кейіпкер. 

Адам саудасын кәсіпке айналдырғандар жылына шамамен 200 миллиард доллар табыс табады. Құлдықтың қамытын кигендердің 70 пайызы нәзік жандылар.

"Алаяқтық болсын, адам саудасы болсын, бұл халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлаған кезде, тиісті органдарда сыбайластарының болуы арқылы жүзеге асады", - дейді заңгер Жандос Тұяқов. 

Бұл - тек денсаулық, өмір сүру құқығы емес, ар-намыс пен абырой мәселесі. Азап шекккеннің көбі арнайы орталықтарда ем қабылдап жатыр. Ондағы мамандар жәбірленушілердің қоғамға қайта бейімделіп кетуіне көмектеседі. 

"Ең алғаш келген кезде жәбірленушілер қатты қысылып, жылап, көп уақытқа дейін өзінің жан дүниесін айта алмайды. Бірақ кейін "айту керек, біз сіздің жағдайыңызды білуіміз керек, жағдайды білмесек біз сізге қалай көмектесеміз" деп түсіндіреміз. Олар ақырын-ақырын болған жағдайды айтады. Жарты сағатта өзін еркін ұстай бастайды. Кеңес береміз. Келесі кездесуде ол адам басқа болып келеді", - дейді "Қорғау" қоғамдық қорының психологы Кәмила Ермекққызы. 

Құзырлылар жаңа заң қабылдап, нақты әрекетке көшпек. Ішкі істер министрлігі өкілдері "Адам саудасына қарсы күрес туралы" заң жобасын әзірлеп жатыр. Жазаны күшейту ғана емес, жәбір көргендерді әлеуметтік қолдау мәселесі де назарға алынбақ.

"Адам саудасының құрбандары алғашқы көмек ретінде арнайы орталықтарға, оңалту орындарына жатқызылады. Сонымен қатар, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтемақы төленетін болады. Қазір бұл заң жобасы Парламентке енгізілді. Енді Парламент Мәжілісінде заң жобасы талқыланатын болады", - деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басқарма бастығының орынбасары Әлібек Оразалы.