Өскеменде қатарластары соққыға жыққан оқушы қыз ауруханаға түсті

Биыл наурыз айында Өскемендегі «АДК» сауда орталығында өз қатарластары аяусыз соққыға жыққан оқушы қыз қайтадан ауруханаға түсті, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап. 

Өскеменде қатарластары соққыға жыққан оқушы қыз ауруханаға түсті
Коллаж: Azattyq Ruhy

Қоғам белсендісі Дина Таңсәрінің айтуынша, төбелес кезінде оның көзіне қатты зақым келген.

«Өскеменде зәбір көрген қыз шұғыл түрде ауруханаға түсті. Өйткені 1 наурызда, яғни оқиға болған күні көзі қатты жараланғаны белгілі болды. Содан бері көзінің айналасы іріңдеп, жазылмай келеді», - деп жазды Дина Таңсәрі.

Жалпы, қоғам белсендісі бұл оқиғаны тергеуде көп дерек назарға ілінбей отырғанын айтады. Өйткені оқушы қызды ұрып, оны шешіндіріп, видеоға түсіріп алған қыздарға қатысты қазір тағы бірнеше тың мәлімет анықталған. Нақтырақ айтсақ, Дина Таңсәрі күдікті қыздардың топ болып тағы бір кәмелет жасына толмаған қызды сабаған видеосының скриншоты тараған.


AMP

«Ондай фактілерді қоя тұрып, мына қыздың жағдайына тоқталайық. Бұл іске кем дегенде 14 бала, яғни, 11 қыз бала және 3 ұл бала қатысқан. Олар төбелес болған жерге жиналып алып, таяқ жеп жатқан қызға күле қараған. Олар видеоның жазылып жатқанын білген, яғни күдікті қыздардың сыбайласы болған. Алайда полиция 14 баланың ішінде 11 оқушыны әлі анықтаған жоқ», - дейді Дина Таңсәрі.

Тақырыпқа орай: ШҚО-да жасөспірім қызды ұрғандардың бірінің анасы білім бөліміндегі қызметінен кетті

Ал ШҚО полиция департаменті бұған дейін БАҚ өкілдеріне берген мәліметте оқиға тексеріліп жатқанын хабарлаған еді.

«Аталған оқиға 1-2 наурыз күндері болған. Факт ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2- бөлігі бойынша Өскемен қалалық Ертіс полиция бөлімшесінде тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеуге байланысты өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды», - деп хабарлаған еді ШҚО ПД баспасөз қызметі.