Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Түркістан облысында 103 жастағы ардагер соғыстың ешкім білмейтін шындығын айтып берді

Жыл санап қатары сиреп бара жатқан соғыс ардагерлері - тілі бар тірі тарихтың нағыз өзі. Солардың бірі Төлеби ауданы Ленгір қаласында тұратын 103 жастағы Рысмет Жұмағұлов. Ол - өңірдегі ең жасы үлкен ардагер әрі осы Төле би ауданындағы қан майданды көзбен көрген жалғыз куәгер, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Massaget сайтына сілтеме жасап. 

Түркістан облысында 103 жастағы ардагер соғыстың ешкім білмейтін шындығын айтып берді
Фото: massaget.kz

«Сендер көрген кинодағы соғыс, шындыққа мүлдем жанаспайды», - деген атай бізге өзі куә болған біраз жайтты айтып берді.

"Мен соғысқа 1942 жылы аттандым. Оған дейін тек соқа мен кетпен көрген ауылдың қара баласымын ғой, бірақ барған кезде бізбен ешкім санасқан жоқ, ата аламыз ба, жоқ па, қолымызға қару ұстатты, бітті. Бірер мәрте көрсетті, болды әрі қарай жан керек болса, өзің үшін үйренесің. Содан мен "ручной пулеметчик" болдым. Анау зілдей, байқамасаң, атқан кезде дірілі қолыңды жұлып кетуі әбден мүмкін. Анау сендер кинода көрген соғыс ол режиссерлер мен сценаристердің көркемдеп жасаған дүниесі ғой. Ал шын мәнінде соғыста бәрі басқаша болды. Кімді кім атып жатыр, ашық далада атакаға шығасың, не өлесің, не қаласың. Оғың жауға тиіп жатыр ма, жоқ өз жағыңа ма ұқпайсың, әйтеуір жансауғалап тірі қалу үшін барыңды саласың. Бір кезде тынши қалады. 2-3 сағат, мүмкін одан көп. Сол кездерде жүк көлігіне әлгі ұрыста қаза тапқандар мен жараланғандарды лақтырып-лақтырып тиейді де, госпитальға апарып, сол жерде іріктейді. Өйткені әспеттеп жататын уақыт жоқ», –  дейді қария.

Атамыз жараланған сәттегі сезінгенін де айтып берді.

«Барғаныма бір жылдай болғанда 1943 жылы кезекті бір ұрыс кезінде жон арқам мен қолымнан жараландым. Қазір ғой мұны жайбарақат айтып отырмын, ал дәл сол сәтте оқ келіп тигенде жанымның көзіме көрінгені сонша, "өлдім" деп ойладым. Бірақ өлмей тірі қалдым. Маған қарауға шамалары келмеді. Бірақ бәрібір бауырдың аты бауыр ғой, аталас туысым Сәуірбек сонда мені арқалап жаралыларды тиейтін жерге жеткізді. Содан қанша күн жатқаным есімде жоқ, бір ес жисам, әлгі бауырым «каталекпен» тамақ әкеп берді. Бір жылқы өліп, соны асып жеп, сорпасын ішіп отыр екен. Ашыққаным сонша, екі адамның тамағын ішіп қойдым. Ойлап қоям, "бұрынғылар өлетін адамның араны ашылып кетеді" деуші, мен де осыдан кетеді екенмін" деп. Жоқ, Алла өзі пендесіне ажал жібермейінше, өлмейді екенсің ғой. Ол кезде жаралыларды пойызға түнде мінгізетін. Онда да аяғы жоқ, өздігінен жүре алмайтын, төсек тартып жатқандарды. Ал жүре алатын, қолынан, басқа жерінен жараланғандардың өзін жібереді, жаяу қайтады. Мен де солай пойызбен қайттым елге. Өйткені әлім жоқ еді. госпитальдан шыққам», - дейді.

Қазақ тарихындағы ең бір қасіретті оқиғаларға толы ХХ ғасырдың 20 жылдары дүниеге келген абыз ақсақалдың өмірінің өзі – бір тарих. Бір атадан туған бес бауырдың төртеуін бірдей аштық жалмаған. Солайша әке ұрпағын жалғайтын жалғыз ұл жетімдіктің тақсыретін әбден тартқан. Қала берді өрімдей шағында оқ пен оттың ортасынан бір-ақ шықты. Сонда өзінің соғыстан аман оралатынын жас жігіт түсінде көрсе керек.

«Немістер күнде төбеден тікұшақпен, ұшақпен листовка тарататын. Онда «Біз жаққа өз еріктеріңмен беріліңдер, бәрібір тірі қалмайсыңдар. Одан да өздерің берілсеңдер, жағдайларың жақсы болады» деген мағынадағы мәтін болады. Өтіп кетіп жатқандар да болды. Мені де қасымда біреулер «өтейік те» деп әзіл-қалжыңы аралас үгіттеп жүрген. Сондай бір күні түс көріппін. Өзенде ме, көлде ме шомылып жүрмін. Үстімдегі киіміммен түсіп кетіппін. Бір кезде жағаға шығып, киімдерімді сығып, қарасам, ауылда жүрмін. Үйге тарттым бірден. Кіріп келсем, Зиба жеңгем нан пісіріп жатыр екен. Анадай жерде есікте бір нан тұр екен, әй-шәй жоқ, соны үзіп жедім. Оянғанда, «Е, үйге аман-сау оралады екенмін ғой»  деп ішімде бір сенім пайда болды. Сол түс маған берілген аян екен, көп ұзамай жараланып, ауылға оралдым», - дейді жүзден асқан атамыз.

«Жалғыздың жары Құдай» дегендей, соғыстан оралған соң үйленіп отау көтерген Рысмет Жұмағұлов 9 бала сүйді: бес қыз, төрт ұлдан бүгінде 28 немере, 76 шөбере, 6 шөпшек сүйген атай тамырын тереңге жіберген алып бәйтерекке айналды десе болғандай. Барлығы дерлік қазір өсіп-өніп, қызмет істеп, Алматы мен Астана қалаларында тұрады. Қолында кенже ұлы мен келіні қарияны баладай өбектеп қарап, уақытылы дәрісін беріп, төсек тартып қалса түнімен күзетіп отырады екен.

Жалпы, Рысмет атамыздыың арғы атасы Жаманқарадан тараған 9 ұлдың алтауы майданда қаза тауып, үшеуі ғана аман-есен келсе керек. Бүгінде аудан бойынша ардагер атаулыдан қалған көзі тірі куәгері жалғыз өзі ғана. Түркістан облысы бойынша ең қарт майдангер де осы Рысмет Жұмағұлов. Сондықтан күллі жұрты ардақ тұтып Жеңістің 75 жылдығына пәтер кілтін табыс етіп, тіпті суретін қаланың қақ ортасындағы ашық алаңқайға іліп қойған. Биыл облыс тарапынан 1,5 млн. теңге сыйақы берілген.