Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық ауылында тұратын мектеп оқушысы Әлішер Ықсан қамшы өріп сатып, анасына қолғабыс етеді. Шебер бала бүгінде 17 қамшы сатып үлгерген. Әлішер қолөнерімен ауылдастарын тәнті етіп жүр, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі nur.kz-ке сілтеме жасап.
"Қолөнерді 5 сыныптан бастап үйрендім. Жарыстарға қатысамын. қамшы өруді Нұрлан ағай үйретті. Күнделік жазғызады. Онда күнделікті не істегенімізді жазып отырамыз. Табыс тауып жүрмін. 15-20 мың теңгеден 17 қамшы саттым. Бала қамшылар 3 мың теңгеге шығады. Маған шеберханада жұмыс істеген ұнайды", - дейді кішкентай шебер.
Ауыл балаларына қолөнерші Нұрлан Жақыбаев ұстаздық етеді. Ол балаларға терімен жұмыс істеуді үйретеді. Бос уақытын шеберханада өткізетін Әлішердің анасы ауыл азаматының балаларды еңбекке тартқанына риза. Әлішердің қолынан шыққан қамшы.
"Ұлымды шеберге ауылдағы балалар ертіп апарды. "Осы балаға да үйретіңізші, ынтасы бар" деп ағайдан қамшы үйреніп жүрген балалардың өзі өтініш жасаған. Ауыл ұстасы баланың икемін көріп, қасына алды. Ризамыз. Ақысыз түрде балаларға қолөнерді үйретіп жүр", - дейді шебер оқушының анасы Эльмира Құсайынова.
Әлішердің анасы мектепте еден жуушы болып істейді. Жалғызбасты ана кейде ұлының табысы үйге үлкен олжа екенін жасырмайды.
"Әлішер бір жылдан аса уақыт қамшы үйірмесіне қатысып жүр. Өзіне ұнайды. Ағайдың шеберханасында қамшы тоқиды. Кейде үйге әкеліп аяқтап жатады. Тапсырыс беретіндер жоқ емес. Бояуы қымбат түрін 25 мың теңгеден қояды. 15-20 мыңнан қаншама қамшы сатты. Тай қамшылары арзандау. Табысын жинағысы келеді. Аздап жинап та жүр. Көп жағдайда үйдің қажеттілігіне жұмсалып кетеді. Несін жасырайын, баламның тапқанына үйге тамақ аламын", - дейді анасы.
Жас шебер болашақта үлкен қолөнерші болуды армандайды.