Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

«Ақша талап етіп жүрген азаматты танымаймын»: Жигули Дайрабаев желіде тараған ақпаратқа жауап берді

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Paryz.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап.

«Ақша талап етіп жүрген азаматты танымаймын»: Жигули Дайрабаев желіде тараған ақпаратқа жауап берді
фото: tengrinews.kz

Бұған дейін Меркі ауылының тұрғыны видео жариялап, Дайрабаевтың бірнеше жыл бұрын үйін заңсыз иемденіп алғанын айтты.

Мәжіліс депутатының айтуынша, Меркі ауданындағы үйдің құжаттары заңды және нотариус арқылы келісімшарт жасалған.

«Кез келген адам құнды зат сатып алғанда жеті рет өлшеп барып шешім қабылдайды. Отбасыма деп сатып алған үй уақыт өткен соң заңсыз деп есептелгені кімге керек? Мұндай тәуекел ешкімге де қажет емес. Өзіңізге осы бір сұрақты қойып көрсеңіз, бірден түсінесіздер деп ойлаймын. Нотариус арқылы жасалған келісімшартымыз заңды, үй иелерінің құқықтары сақталған. Ақша талап етіп жүрген азаматты танымаймын да», - деп жазды Жигули Дайрабаев.

Айтуынша, әлеуметтік желіде видео жариялаған ер адам әйелімен ажырасқан. Үйді бір кездері ерлі-зайыптының бірі сатқан.

Ерлі-зайыптының арасына кірісетін адам емеспін. Ол азамат менің осы лауазымымды пайдаланып, бопсалау жолын таңдаған. Айта кетейін, мұндай әрекет бірінші рет емес. Осыдан біраз уақыт бұрын мені кінәлаған адам мені қаралаған үшін соттың шешімімен жазаланып, айыппұл төлеген болатын. Бұл әрекетін тоқтатпаса қайтадан сотқа жүгінуіме тура келеді, - деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ Жигули Дайрабаев Кеңес ауылындағы жерге қатысты да жауап берді.

Бұл жағдай 20 жыл бұрын болған. Жерге қатысты компанияның иелері – ағайынды Ерлан мен Нұрлан Иембердиевтер. Олар қазір Қазақстанда. Шатаспасам Алматыда тұрады. Жердің де, ақшаның да иесі осылар. Менің бұл іске ешқандай қатысым жоқ. Кезінде мен тек жалдамалы қызметкер болдым. Меркі ауданында 1 метр де жерім жоқ, - деді Дайрабаев.

Сондықтан депутат ауылдағы наразы адамдардың арыздары жер иелері Иембердиевтерге жолдануға тиіс деп есептейді.

Ауыл тұрғындары мені негізсіз кінәламай, қайта көмегіме жүгінгені дұрыс еді. Әлі де кеш емес, - деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Жигули Дайрабаевтың екі ұлына сот үкімі шықты

Тараз қаласының №2 соты алаяқтық, яғни адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену бойынша айыпталған 4 тұлғаға қатысты қылмыстық істі қарады.

Сот барысында Ерлан Күлекеевтің Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары бола отырып, сондай-ақ кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық (кейінгі екеуі депутат Жигули Дайрабаевтың ұлдары) субсидиялау қағидаларын бұзып, мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде шығын келтіргені анықталды.

Олар сатып алынған «Альбион» құлпынай көшеттері үшін (оларды шаруа қожалықтарына рәсімдеп) мемлекеттік субсидиялар алған, олардың бір бөлігі алаяқтық жолымен ұрланып, жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.